Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Иранға жасалған соққылардан кейін мұнай бағасы күрт өсті

Фото: pixabay.com

Ирандағы әскери шиеленіске байланысты Brent мұнайы 10%-ға қымбаттап, баррелі 80 долларға жақындады. Сарапшылар бағаның алдағы күндері 100 доллардан асуы мүмкін екенін ескертуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі DW-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Сарапшылардың айтуынша, басты себеп – Ормуз бұғазының жабылып қалуы мүмкін деген қауіп. Бұл бұғаз әлемдік мұнайдың үлкен бөлігі өтетін маңызды теңіз жолы.

АҚШ пен Израиль Иранға соққы берген соң инвесторлар мұнай жеткізілімі қиындайды деп қауіптеніп, бағаны көтере бастады. Биржадан тыс саудада мұнай бағасы күрт өсті. Ал сарапшылар оның әлі де қымбаттауы мүмкін екенін ескертуде.

ICIS компаниясының сарапшысы Аджай Пармардың айтуынша, шешуші фактор – әскери операцияның өзі емес, Ормуз бұғазының жабылу ықтималдығы.

"Әскери соққылар мұнай бағасын ұстап тұрғанымен, ең маңыздысы – Ормуз бұғазының жабылуы. Жағдай тез нашарлап кетуі мүмкін. Демалыстан кейін мұнай бағасы барреліне 100 долларға жақындайды деп болжануда. Ал егер Ормуз бұғазы жабық қалса, баға бұл деңгейден де асып кетуі мүмкін", – деді ол.

RBC пен Barclays аналитиктері де осындай болжам жасап отыр.

Қиындық Иран төңірегіндегі шиеленістің күшеюімен байланысты. Осыған орай, ОПЕК+ (мұнай шығаратын елдердің халықаралық ұйымы) елдері мұнай өндірісін арттыру жоспарын жариялады. Сәуірден бастап өндіріс күніне бұрын жоспарланған 137 мың баррельдің орнына 206 мың баррельге дейін өседі. Бірақ сарапшылар мұның нарықты тұрақтандыруға жеткілікті болатынына сенбейді. Rystad Energy компаниясының сарапшысы Хорхе Леонның айтуынша, келісілген өндіріс көлемін арттыру Ирандағы жағдай салдарынан мұнай бағасының өсуін тоқтата алмай қалуы мүмкін.

Мұны қиындататын тағы бір фактор – көлік секторының реакциясы. SPI Asset Management компаниясының серіктесі Стивен Иннес айтуынша, кеме компаниялары қауіптеніп отыр. Олар зымыран соққыларына, кемелердің сақтандыру келісімдерінің бұзылуына және Парсы шығанағындағы навигациялық сигналдардың үзілуіне алаңдауда. Сарапшы ең қиын сценарий Ормуз бұғазы жабық қалса, мұнай бағасы бастапқы 72 доллардан 120–150 долларға дейін өсуі мүмкін екенін ескертті. Бұл соңғы жылдардағы ең үлкен баға өсімінің бірі болуы мүмкін.



Сарапшылар Сауд Арабиясы мен БАӘ-де құрлықтағы мұнай құбырлары бар екенін, олар Ормуз бұғазын айналып өтуге мүмкіндік беретінін айтады. Бірақ бұл жолдар қолданылса да, әлемдік нарық күніне шамамен 8–10 миллион баррель мұнай тапшылығына ұшырауы мүмкін. Экономистер мұнай бағасының өсуі бүкіл әлемге әсер ететінін ескертеді. Отын, көлік және тауар бағалары қымбаттап, инфляция күшейіп, әлемдік экономиканың қалпына келуі баяулауы мүмкін.

Осылайша, мұнай бағасының алдағы қозғалысы тікелей Ирандағы жағдайға және негізгі жеткізу жолдарының қолжетімділігіне байланысты болады. Егер шиеленіс сақталса, мұнай нарығы соңғы онжылдықтағы ең ауыр жеткізу дағдарысына тап болуы мүмкін.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 02 Наурыз, 2026 11:40