Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Иран сценарийінің" қайталануынан қорқу: Ақорда не себепті шұғыл Құрылтай өткізбек?

Ақорда не себепті шұғыл Құрылтай өткізбек?Фото: Ақорда

20 қаңтарда Қызылордада Ұлттық құрылтай өтеді. Саяси кулуарларда айтылғандай, құрылтайдың дәстүрлі көктем мезгілінен қаңтарға ауыстырылуы жай ғана күннің өзгеруі емес, бұл алаңдататын белгі. Билік Сенатты тарату және толық партиялық монополияға қайта оралу арқылы саяси алаңды ауқымды түрде "қайта құруды" жоспарлап отыр. Экономист әрі саясаткер Айдар Әлібаевтың пікірінше, бұл реформалардың артында әлеуметтік жарылыстан қорқу және экономикалық күйреу басталмай тұрып билікті нығайтуға деген ұмтылыс жатыр. 

Экономикалық дағдарыс жағдайындағы туындаған асығыстық

Соңғы төрт жылда алғаш рет Құрылтай дәстүрлі кестені бұзып, көктемнен қаңтарға ауыстырылды. Сарапшының пікірінше, мұндай шұғыл шешім халықтың тұрмысын жақсарту мақсатында емес, билік "мүмкіндіктер терезесінің" жабылып бара жатқанын түсінгеннен қабылданған. Елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай жылдам нашарлап барады.

"Билік неге асықты? Себебі  билік халықтың жағдайы нашарлап бара жатқанын көріп отыр. Табыс төмендеп, инфляция өсуде, теңге құнсыздануда. Кедейлік деңгейі бойынша біз қазір Африка елдерімен бір деңгейге жеттік. Бұл наразылықты билік те сезіп отыр", – дейді Әлібаев.

Мемлекеттің іс жүзінде фискалдық террорға көшуі жағдайды одан әрі күрделендіріп отыр. Экономист Әлібаевтің айтуынша, айыппұлдар жазалау құралы емес, бюджетті толтырудың тәсіліне айналған.

"2025 жылдың қорытындысы бойынша салынған айыппұлдардың саны шамамен 17,5 миллионға жеткен. Жиналған қаражат көлемі 350 миллиард теңге шамасында. Бұл шамамен әр тұрғынға бір айыппұлдан келеді деген сөз. Айыппұл жаза ма, әлде халықтан қосымша салық жинаудың тәсілі ме?"

Сарапшының пікірінше, Құрылтайдың негізгі мәселелерінің бірі – бірпалаталы парламентке көшу және Сенатты тарату болуы мүмкін. Әлібаев сенатты "мүлде қажетсіз, артық институт" деп атайды. Алайда сарапшының пікірінше, оңтайландыру деген желеумен демократияның соңғы нышандарының бірі – бірмандатты округтер бойынша сайлау жүйесі жойылып кетуі мүмкін.

Егер билік сайлауды тек партиялық тізім арқылы өткізуге шешім қабылдаса, бұл алға жасалған қадам емес, керісінше кері шегініс болмақ.

"Егер билік бірмандатты сайлау институтын жоюды жоспарласа, бұл реформа емес, бұл – халыққа қарсы саяси өзгеріс. Халық билікке тек бірмандатты депутаттар арқылы ықпал ете алады. Ал тек партиялық тізімдермен қалыптасқан парламент толықтай қолмен басқарылатын орган. Мұндай жағдайда депутаттар мүлде үн қатпайды. Бұл қазіргі парламенттен де жаман", – дейді Әлібаев.

Сарапшының пікірінше, бұл "реформаның" басты мақсаты – 2026 жылы, жағдай әлі салыстырмалы түрде тұрақты кезде, сайлау өткізіп үлгеру және алдағы бес жылға толық бақылаудағы заң шығарушы орган қалыптастыру. Билік 2028 жылға жоспарланған сайлаудан күтпейді, өйткені ол уақытқа қарай ел экономикасы мүлде құлдырауы мүмкін.

Қазақстанда Иран сценарийі қайталануы мүмкін бе?

Әлібаевтың болжамынша, асығыстықтың тағы бір себебі – Ирандағы наразылықтар. Онда ұлттық валютаның құнсыздануына байланысты экономикалық талаптар бір сәтте саяси көтеріліске ұласты. Қазақстан билігі бұл жағдайдан тікелей ұқсастықтарды көріп, диалогты қолдан жасап, алдын ала әрекет етуге тырысуда. Алайда мұндай "диалог" құралдарының бірі петициялар институты беделінен айырылды.

"Халықтың петициялар институтынан әбден көңілі қалды. Мұның бәрі бос сөз болып шықты. Адамдар оның жұмыс істемейтінін түсініп, қол жинауды доғарды. Билік пен қоғам арасында шынайы диалог мүлде жоқ", – дейді Әлібаев.

Дауыс беру кезінде таңдаудың болмауы

Түзетулерді қабылдау тетігі үлкен алаңдаушылық туғызуда. Референдумға тағы да ондаған өзгерістен тұратын біртұтас пакет шығарылуы мүмкін, ал азаматтар оған "жаппай" дауыс беруге мәжбүр болады.

"Бізге қырыққа жуық түзетуден тұратын пакет ұсынады. Айталық, мен 39 түзетуге қарсымын, бірақ біреуін қолдаймын. Онда мен қалай дауыс беруім керек? Бұл – әлемнің ешбір елінде қолданылмайтын тәсіл. Мұндай пакетке қалаған нәрсені “тігіп” жіберуге болады. Бұл – демократия емес", – дейді Әлібаев.

Президент орнында қала ма?

Осы тұста Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси болашағы мен президенттік өкілеттігін толық атқаруына кепілдік бар ма деген сұрақ туындайды. Әлібаев бұл мәселеге күмәнмен қарайды. Ол қазіргі таңда биліктің тағдыры азаматтардың "қалтасына" тікелей тәуелді болып отырғанын айтады.

"Жағдай тым тұрақсыз болғандықтан, болжам жасау қиын. Халыққа ұнамайтын шаралар енгізілуде. ҚҚС өсіп жатыр, базалық мөлшерлеме көтерілуде, зейнетақы жарналары мен коммуналдық қызмет тарифтері қымбаттауда. 1 наурыздан бастап мораторий алынған соң, баға тағы да шарықтайды. Ешқандай оң өзгеріс күте алмаймыз. Бұл бір-екі жылдың ішінде біз тағы бір “Қаңтар” оқиғасына алып келетін жағдайға жетуіміз мүмкін деген сөз. Ал ол кезде сайлау да, реформа да күн тәртібінде болмайды", – деп түйіндейді Әлібаев.

Еске салсақ, осыған дейін 20 қаңтарда Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтай өтетінін жазғанбыз. 

Дана Русланқызы
Жұма, 16 Қаңтар, 2026 20:46