Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Иранда наразылыққа қатысушылардың бірі "Құдайға қарсы соғыс ашқаны" үшін өлім жазасына кесілді

Бейсенбі күні Иранда исламдық киім үлгісін бұзғаны үшін ұсталған Махса Аминидің өлімінен кейін елді шарпыған наразылық шерулерінің бірінші қатысушысы өлім жазасына кесілді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтемемен.

Мохсен Шекари

Иранда үкіметке қарсы жаппай наразылық акциясына қатысқаны үшін өлім жазасына кесілген 11 адамның алғашқысы – белсенді Мохсен Шекари дарға асылған.

Осыған дейін Иран революциялық соты Шекари "Құдайға қарсы қастандық жасағанын" мәлімдеп, оны күш қызметкерлеріне қарсы шабуыл жасаған "қарулы әрекеттерге" қатысты деп тапқан.

Ислам революциясы Сақшылар корпусы сотты "қауіпсіздік пен исламға қарсы қылмыстар" үшін жылдам әрі шешуші үкім шығарғаны үшін мақтаған.

Құқық қорғаушылар, өз кезегінде, Иран сотын "көзбояушылық" жасады деп айыптаған.

Судьялар Шекариді "адам өлтіру, үрей туғызу және қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті бұзу мақсатында қарумен шабуыл жасағаны үшін" кінәлі деп тауып, "Аллаға қарсы соғысты" деген айыппен шариғат заңы бойынша өлім жазасына кескен.



Иранда наразылық акциясы екі ай бұрын басталды. 13 қыркүйекте Тегеранның "әдеп полициясы" көшеде хиджаб кию тәртібін сақтамады деген айыппен 22 жастағы студент Махса Әминиді ұстап әкеткен. Ол үш күннен кейін ауруханада көз жұмған. Полиция қыздың аурудан қайтыс болғанын, бірақ куәлер оның қатты азапталғанын айтқан.

Осыған байланысты елдің кемінде 80 қаласында наразылық тұтанды. Демонстранттар арасында елдің рухани көсемі, аятолла Али Хаменеиге қарсы "Диктаторға өлім!" деп ұрандатқандар көп болды.

Иран билігі наразылықты басу үшін ұсталғандарға қатал жаза тағайындап, бірнеше адамды өлім жазасына кесті. АҚШ бастаған батыс елдері және бірқатар халықаралық ұйымдар митингіге шыққандарға қарсы үкімді қатал айыптады.

Норвегияда орналасқан ирандықтардың құқығын қорғау ақпарат агенттігі (Human Rights Activists News Agency – HRANA) Ирандағы соңғы қарсылықтардың құрбаны 470-ке жеткенін мәлімдеді. Оның 64-і – бала.

Қарашаның 24-і күні БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі Иран билігінің наразылық шерулерін басу жөніндегі іс-әрекетін тексеру туралы қарарды қолдап дауыс берді, Тегеран бұл шешімді оның ішкі істеріне араласу деп мәлімдеген.

Талқылау