Иранда бокс чемпионы өлім жазасына кесілді
Иран соты жергілікті боксшы Джавад Вафаи-Саниді өлім жазасына кесті. Джавад 2019 жылы елде өткен наразылық шарасына қатысқан. Бұл туралы оның қорғаушысы Бабак Пакния мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Иранда осыдан бір жыл бұрын ұлттық күрестен чемпион Навид Афкариді де өлім жазасына кескен. Ол өзін азаптап, наразылық шарасына қатысқанын күшпен мойындатқаны туралы айтқан. Сонымен қатар құқық қорғау органы қызметкерін өлтірді деген айып тағылған.
Вафаи-Сани жастар арасында Иран чемпионы атанған. Оны туған қаласы Мешхед чемпионы ретінде таниды. Қазір ол Мешхед қаласында қамауда отыр.
Әлеуметтік желіде боксшының өмірін құтқару мақсатында #SaveMohammadJavad хештегі тараған. Статистика бойынша Иран – әлемде өлім жазасын ең көп тағайындайтын елдердің бірі.
Норвегияда орналасқан Иран азаматтары құқығын қорғау үкіметтік емес ұйымының мәліметінше, 26 жастағы боксшы "әкімшілік ғимараттарды қиратып, өртеді" деген айып тағылған. Вафаи-Сани 2020 жылдың ақпанында тұтқынға алынған.