Иран өзімен көршілес елдерге АҚШ-тың әскери базаларына соққы беретінін айтып, ескерту жасады
Фото: Reuters.com
Иран өзімен көршілес елдерге АҚШ-тың әскери базаларына жасалуы мүмкін соққылар туралы ескерту жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Reuters басылымының мәліметінше, Иран билігі аумағында америкалық әскери базалар орналасқан көршілес елдерге, АҚШ Ирандағы наразылықтар төңірегіндегі жағдайға араласқан жағдайда, АҚШ базаларына соққы жасауға дайын екені жөнінде ескеру жасаған.
Ескерту аймақтағы америкалық әскерилерді қабылдап отырған мемлекеттерге жолданды.
Басылымының хабарлауынша, осыған байланысты Таяу Шығыстағы АҚШ-тың ең ірі “Әл-Удейд” әуе базасынан әскерилердің бір бөлігіне сәрсенбінің кешіне дейін кету ұсынылған.
Айта кетейік, “Әл-Удейд” әуе базасы Қатарда орналасқан, аймақтағы АҚШ-тың ең ірі әскери нысаны болып саналады, базада шамамен 10 мың әскери қызметкер орналасқан.
Еске салсақ, бұған дейін Иранда ұлттық валюта құлдырап, жаппай наразылықтар басталғаны, сондай-ақ наразылық акцияларының соңы тәртіпсіздік пен тонауға ұласқаны туралы жазған едік. АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның қауіпсіздік күштері наразылық білдірушілерге оқ атқан жағдайда, оларға көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Осы мәлімдемеден кейін Иран өздеріне шабуыл жасалса Израиль мен АҚШ базаларына соққы беретінін ескертті.
"Екеуі екі-үш күн қатарынан жанжалдасып, соңы осындай болды": Шымкентте 21 жастағы қыздың өліміне қатысты көршілері көргендерін айтты