Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Иран басшылығының ауысуы Қазақстан үшін мұхитқа қысқа жолды ашады – Сарапшы

Иран Орталық Азияның экономикалық тағдырын өзгертуі мүмкін – СарапшыФото: Fatemeh Bahrami/Anadolu via Getty Images

Иранның жоғарғы жетекшісі Әли Хаменеи қайтыс болғаннан кейін елде 40 күндік аза тұту жарияланды. Экономикалық сарапшы Алмас Чукин бұл жағдай тек Иранның өзі үшін ғана емес, бүкіл аймақ үшін де тарихи бетбұрыс кезеңіне айналуы мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Экономист Алмас Чукиннің айтуынша, Ирандағы билік ауысуы Орталық Азия елдерінің экономикасының дамуына елеулі әсер етуі мүмкін. Себебі дәл Иран арқылы Орталық Азиядан Еуропаға ең қысқа әрі тиімді жол қалыптастыруға болады.

“Егер Түрікменстан теміржолының Иранмен түйісетін нүктесін және одан Парсы шығанағына дейінгі қашықтықты алсақ, бұл шамамен 1200-1500 шақырым. Бұл арақашықтық Астанадан Алматыға дейінгі жолмен шамалас. Осы бағытты еңсерсеңіз, сіз Парсы шығанағындағы ең ірі порттарға шығасыз. Ол жерлерде мұнайдан бастап астыққа дейін кез келген жүк түрін қайта тией аласыз. Ал ол жерден Роттердамға дейінгі теңіз жолы шамамен 3-4 аптаға созылады”, – деді Чукин.

Егер Иранда билік ауысып, елге салынған санкциялар алынатын болса, бұл экономикалық өсім мен инвестиция тартуға, соның ішінде көлік инфрақұрылымын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Мұндай жағдайда Қазақстан “мұнайды бүкіл Ресей аумағы арқылы Новороссийскіге дейін жеткізіп, одан әрі Қара теңіз, Босфор бұғазы және Жерорта теңізі арқылы тасымалдау машақатынан арыла алады”. Экономистің айтуынша, Еуропаға теміржол арқылы Иран бағытымен жеткізу де Ресей арқылы өткен жолмен салыстырғанда әлдеқайда қысқа.

Биліктің ауысуы – экономиканы қайта жандандыру мүмкіндігі

Экономистің пікірінше, Иранның ішкі саясатындағы өзгерістер жаңа мүмкіндіктерге жол ашуы ықтимал. Егер елде Батысқа қарсы ұстанымы жоқ жаңа басшылық қалыптасса, санкциялар алынуы мүмкін, ал бұл бүкіл өңірге тың экономикалық серпін береді.

“Мен Иранға Батыспен соғысудың не қажеті бар екенін түсінбеймін. Мұның айтарлықтай мәні жоқ, Батыс Ираннан ерекше нәрсе талап етіп отырған жоқ, негізгі мәселелер идеологиялық сипатта. Оның үстіне осындай бай, білімді әрі әлеуеті зор көршінің пайда болуы біздің экономикалық көкжиегімізді кеңейтеді”, – дейді сарапшы.

Иран арқылы өтетін құрлық дәлізі іс жүзінде ежелгі сауда жолдарын қайта жандандырып, аймақтың экономикалық шындығын өзгертуі мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылы 28 ақпанда Израиль мен АҚШ Иран астанасына соққы жасады. Жауап ретінде Иран Таяу Шығыс өңіріндегі АҚШ базалары мен Израильге зымыран ұшырды. Қақтығыс салдарынан жүздеген адам қаза тауып, елдің жоғарғы басшылығы, оның ішінде аятолла Али Хаменеи де мерт болды. Оның резиденциясы қиратылды.

Хаменеи қазасынан кейін Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) АҚШ әскери базаларына қарсы “тарихтағы ең қуатты шабуыл операциясын” бастайтынын мәлімдеді. Бұған жауап ретінде Дональд Трамп тарапынан қатаң ескертулер айтылды.

Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі Али Хаменеи қаза тапқан соң уақытша басшылық кеңес құрылғанын хабарлады.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 02 Наурыз, 2026 08:26