Иран Ормуз бұғазында теңіз миналарын орналастырмақ

Иран Ормуз бұғазында теңіз миналарын орналастыруға дайындалып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі CBS басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Тегеран юұл үшін 2-3 минаны таси алатын шағын кемелерді қолданады. Иранда нақты қанша теңіз минасы бары белгісіз, бірақ өткен жылдардағы бағалау бойынша шамамен 2000-нан 6000-ға дейінгі аралықта болуы мүмкін деп болжады басылым.
“Егер Иран Ормуз бұғазында қандай да бір миналар орнатса және бізде бұл туралы деректер болмаса, біз олардың дереу жойылуын қалаймыз”, – деп жазды АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social желісінде.
Олай болмаған жағдайда Иранға жойқын әскери шабуыл жасалатынын ескертті. Егер миналар жойылса, бұл “дұрыс бағыттағы үлкен қадам” болатынын айтты.
АҚШ-тың барлау деректерімен таныс екі дереккөзге сілтеме жасаған CNN арнасы Иранның Ормуз бұғазында миналар орналастыра бастағанын мәлімдеді. Арна дереккөздерінің мәліметінше, соңғы күндері бірнеше ондаған мина орнатылған.
10 наурызда Пентагон Ормуз бұғазы арқылы тасымалдай алмаса Иранға әлдеқайда күшті соққылар жасалуы мүмкін екенін ескертіп, Иранның миналарды орнататын кемелері мен миналар қоймаларына соққы жасайтынын мәлімдеді.
Қақтығыстың мән-жайы, Ормуз бұғазының жабылуы
АҚШ пен Израиль Иранға 27 ақпаннан 28-іне қараған түні соққы жасады. Бұл Дональд Трамптың тактикалық қадамы болуы мүмкін. Себебі демалыс күндері биржалар жұмыс істемейді. Стратегиялық шикізат бағасы күрт өзгермейді, ал дүйсенбіге қарай алғашқы эмоциялық шок басылып, мұнай, газ және өзге ресурстар бағасы қалыптасады. Бұған дейін АҚШ Венесуэлаға да осындай әдіс қолданған еді.
Десе де 2 наурыз күні Лондон биржасында мұнай бағасы сауда-саттықтың ең жоғары шегі 13% өсіп, барреліне 82 долларға жетті. Биржа ойыншыларының алаңдау себебін түсіну үшін Таяу Шығыстағы жағдайға мойын бұру жеткілікті. Себебі Ормуз бұғазы – Иран мен Оман арасындағы теңіз дәлізі. Ол Парсы шығанағын Үнді мұхитымен жалғап жатыр. Дәл осы өткел арқылы Біріккен Араб әмірліктері, Сауд Арабиясы, Иран, Ирак, Бахрейн, Катар, Кувейт өз мұнайын экспорттайды.
Мәліметке сәйкес, Ормуз бұғазы арқылы әлемдік мұнайдың кемінде 20%-ы және сұйытылған табиғи газдың кемінде 25%-ы өтеді.
2 наурыз күні түстен кейін Иранның Қазақстандағы елшісі Али Акбар Джоукар Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалы тоқтатылғанын хабарлады.
Оның айтуынша, қазір бұл маңда әскери операция жүріп жатқандықтан, ешкімнің өтуге құлқы жоқ. Қазірдің өзінде бұғаз арқылы өткен үш кеме, үш танкер зардап шекті дейді дипломат. Ол бұғаз арқылы екі күн бойы мұнай тасымалданбағанын және кемелер үшін жағдай қауіпті болып қала беретінін айтты.
"Дәрінің құны 1,5 миллиард теңге": Бұлшықеті әлсіз қазақстандық бүлдіршінге денсаулық сақтау министрлігі көмек көрсетуден бас тартқан