Иран Ормуз бұғазын жабуға рұқсат берді: Әлемдік мұнай саудасының 30% қауіп төніп тұр
Фото: iran.ru
Иран парламенті стратегиялық маңызы зор Ормуз бұғазын жабу туралы шешімді мақұлдады. Дегенмен, бұл шешімнің күшіне енуі үшін Ислам Республикасының Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі Жоғарғы кеңесінің бекітуі қажет. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Breaking News басылымына сілтеме жасап хабарлады.
Бұғаз арқылы әлемде тұтынылатын мұнай мен газдың шамамен бестен бірі тасымалданады.
"Әлемдік мұнай және табиғи газ саудасының 25–30 пайызы дәл осы бұғаз арқылы өтеді. Ал бұғаздың ең тар жері небәрі 35 шақырымға ғана тең", — делінген хабарламада.
Иран парламентінің депутаты әрі Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) командирі Эсмаил Коусаридің айтуынша, бұл мәселе Иран күн тәртібінде тұр және "қажет болған сәтте жүзеге асады".
Сонымен қатар КСИР-дің теңіз күштерінің қолбасшысы, бригадалық генерал Алиреза Тангсири Иран Ормуз бұғазын бірнеше сағаттың ішінде толық жауып тастауға дайын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, елдің егемендігіне қарсы кез келген агрессияға Иран тарапынан қатаң жауап қайтарылады.
Ормуз бұғазы — Парсы шығанағы мен Араб теңізін жалғайтын әлемдегі ең маңызды теңіз өткелдерінің бірі. Оның жабылуы жаһандық энергетикалық нарықта үлкен дағдарыс туғызуы мүмкін.

"Насыбай секілді жиіркенішті заттардың қалдықтары жатыр": Сайран жағалауын қоқыстан тазартқан жігіт желіде мақтау жинады
