Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ирандағы мектепке соққыны АҚШ жасаған — БАҚ

Фото: Abbas Zakeri/Mehr News/WANA/REUTERS

28 ақпанда Иранның оңтүстігіндегі “Шаджаре Тайебе” бастауыш мектебіне жасалған соққы АҚШ әскери күштерінің нысанды анықтаудағы қателігінен болған. Мұны алдын ала тергеу нәтижелері көрсетіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The New York Times-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Басылым мәліметінше, АҚШ әскері Ислам революциясы сақшылары корпусының базасына соққы беруді көздеген. Бұрын мектеп ғимараты осы базаның құрамында болған.

Дереккөздің ақпаратына сүйенсек, АҚШ Орталық қолбасшылығының офицерлері нысана координаттарын анықтау кезінде Пентагонның Барлау басқармасы ұсынған ескірген деректерді пайдаланған.

Мектеп 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің операциясы басталған күні ракеталық шабуылға ұшыраған. BBC жүргізген талдау мектеп маңындағы әскери базаға америкалық Tomahawk зымыраны соққы бергенін көрсетті. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп бұл шабуылға Иран жауапты екенін мәлімдеген болатын.


"Толық күйрегенге дейін шабуылдаймыз": Трамп Иранға жаңа өте жойқын соққы жасайтынын айтып қорқытты

АҚШ пен Израильдің Иранға шабуылдарынан қаза тапқандар саны 787 адамға жетті


The New York Times басылымына пікір білдірген ресми тұлғалар бұл қорытындылардың алдын ала жасалғанын айтып, ескірген ақпараттың неге қайта тексерілмегені туралы маңызды сұрақтар әлі де бар екенін атап өтті.

“Балаларға толы мектепке жасалған шабуыл соңғы ондаған жылдағы ең ауыр әскери қателіктердің бірі ретінде тарихта қалатыны сөзсіз. Иранның ресми тұлғаларының мәліметінше, қаза тапқандар саны кемінде 175 адам, олардың басым бөлігі – балалар”, – деп жазды The New York Times.

Айта кетейік, бұған дейін Иранның Минаб қаласындағы қыздар мектебіне жасалған соққыдан қаза тапқандар саны 108-ге жеткені хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 12 Наурыз, 2026 09:38