Ипотеканы зейнетақы жинағымен төлеу: "Отбасы Банк" өтініш қабылдауды қайта бастады

“Отбасы Банк” тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану бойынша өтініштер қабылдайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Банктің баспасөз қызметінің мәліметінше, өтініш қабылдау дүйсенбі, 2 наурызда басталады.
Қаңтар айының соңында Отбасы Банк біржолғы зейнетақы төлемдерін қарызды ішінара немесе толық өтеуге пайдалану бойынша өтініш қабылдауды уақытша тоқтатқан еді. Банк мұны қашықтан қызмет көрсету сервистерін, атап айтқанда мобильді қосымша мен otbasybank.kz порталындағы жеке кабинетті жаңа талаптарға бейімдеу қажеттіне байланысты деп түсіндірді. Бұған дейін тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережелерінде “берешек” термині “негізгі қарыз” терминімен ауыстырылған.
“Бұл енді зейнетақы жинақтарының артық бөлігін несие бойынша ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеу кезінде тек негізгі қарызды жабуға ғана пайдалануға болады деген сөз. Бұрын “берешек” ұғымына кірген ай сайынғы төлемді біржолғы зейнетақы төлемі есебінен толық өтеу мүмкін емес. Несие бойынша пайыздар мен ай сайынғы төлем құрамына кіретін өзге де қосымша төлемдерді қарыз алушы өз қаражаты есебінен төлеуі тиіс”, – деп түсіндірді Отбасы банк өкілдері.
Жаңа ережелерге байланысты Отбасы Банк несие бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеу процесін қайта қарауға мәжбүр болды. Сондықтан өтініш қабылдауды уақытша тоқтатуға тура келген.
“Болашақта бұл операция екі бөліктен тұрады: алдымен несие бойынша сыйақы және басқа да қосымша төлемдер өз қаражаттарыңыз есебінен төленеді, ал кейін негізгі қарыз – зейнетақы жинақтарының артық бөлігінен өтеледі. Осы үшін Отбасы банкінде қазіргі және арнайы шотта алдын ала қаражат болуы қажет”, – деп мәлімдеді банк.
Бұған дейін 2 наурыздан бастап Отбасы Банк кезекте тұрғандарға тұрғын үйді бөлу рәсімін өзгертетінін жазған едік. Енді банк тұрғын үйді тек инвентаризациядан өткеннен кейін ғана бөледі.
Қазақстандық әуежайларға жаппай айыппұл салынды: Бұған не себеп