Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Инвестиция 2,2 миллиард доллар": Қазақстан Қытаймен бірлесіп үш электр станциясын салатын болды

Фото: freepik.com

Сенат Қазақстанның үш облысында Қытаймен бірлесіп ірі жаңартылатын энергия көздеріс нысандарын салуды көздейтін заң жобасын мақұлдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сенатор Ольга Булавкинаның айтуынша, Қарағанды мен Павлодар облыстарында жалпы қуаты 1,5 ГВт болатын екі жел электр станциясы салынады. Ал Түркістан облысында қуаты 300 МВт болатын күн электр станциясы бой көтереді.

Қазір екі өңірде жобалау-іздестіру жұмыстарына арналған жер телімдері бөлініп жатыр. Түркістан облысында жер учаскесі бөлініп, күн электр станциясының құрылысы басталған.

Барлық үш электр станциясының құрылысы 2027–2029 жылдары аяқталады деп жоспарланған.

Ал энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың айтуынша, бұл жобада негізгі инвестор Қытай тарапы. 

“Жобалық компания. Негізгі инвестор Қытай. Бірақ Қазақстан тарапынан Самұрық Энерго 25-30% өз үлесін қосады. Күн электр станциясының құрылысы өткен жылы желтоқсан айында басталып кетті. Оны 2027 жылдың бірінші жартысында аяқтау жоспарланып отыр. Жел электр станциялары 2-3 жыл салынады”, – дейді вице-министр. 

Сондай-ақ ол бұл жобаға үшеуін қосқанда 2,2 миллиард доллар инвестиция салынғанын айтты. 

 

 

 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 19 Ақпан, 2026 11:59