Инстаграмда қате жазатын жұлдыздар кімдер?
Басқа басқа, Инстаграм желісі өнер саласында жүргендер үшін таптырмас жарнама құралы болды. Жаңа ән жазып, жаңа бейнеклип түсірсе де, тіпті, жаңа көйлек сатып алса да парақшасына іле қояды да, оқырмандарына жар салады.
Алайда, сол әншілер әлеуметтік желіге қаншалықты жауапкершілікпен қарайтынын аңғару қиын емес. Мысалы, әнші Алтынай Жорабаева ылғи пайдалы нәрселер жазады. Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваның пайдалы кеңестері көптің көңілінен шығып жүр. Сәкен Майғазиевтің парақшасына кірсеңіз, кәдімгідей көкірегіңіз ашылып қалады. Мейрамбек Бесбаевтың Инстаграмда 1 миллион 600 мың оқырманы бар. Соншама оқырманының алдында Мейрамбек фотоаппарт деген сөзді «фото аппарат» деп бөлек жазып, қате жіберді. Кейіннен парақшасына кіріп көрсек, сол қате жазылған күйінде тұр. Ғалымжан Жолдасбай деген әнші-асабаның 40 мыңнан астам оқырманы бар екен, деп жазады «Ақ желкеннің» жас тілшісі Алмабек Ибраимов.
Бірақ, Ғалымжан 40 мың оқырманының алдында қате жазып жүргенін сезбейтін сияқты. Жазғандарынан мысал келтіріп көрсек: «@Orynbek_burmakov не айтып жатканымды білмеимін, брақ шынайы айтып жатқаныма сенімдімін» деген жазбасында қатеден көз сүрінеді. Тағы бірнеше жазбасында: «Таңда осылай ұйықтаймындеп 2рет ұшақтан қалып қойған едім. Жалпы Рейстен қалып қойғандар болдыма сұрақ?» деп сүйкей салады. Тіпті, сөйлемді дұрыс құрай алмай ма дейсің? «Алау» тобының әншісі Әсет Арыстанбек те қате жазады.
«Апта сайын өзгерседе, Жан Дуниесі өзгермейтін @bidashkaa!» деген жазбасында «да, де, та, те» деген шылауларды өткен кезде Әсеттің сабаққа бармай қалғаны көрініп тұр. «@saken_maigaziyev Сәкен Аға эстафетаны орындадық ау, 2 кун дайындалып! Эстафетаны келесі бауырларыма жолдаймын…» дейді тағы. «Ау» шылауының алдына дефис қойылуы керек және “кун” емес күн болып қазақша әріппен, «аға» сөзі жалпы есім болғандықтан, кіші әріппен жазылуы керек.
Ғалымжан Жолдасбай мен Әсет Арыстанбектің жазғандарын екі-үш рет оқып барып, әрең түсінесің. Орфографиялық қатені Ерке Есмахан да жібереді. Мысалы, «Тайымызды» Тойбастар» термесімен Ақылбек ағамыз бастап берді! @zhemeney Рахмет, аға!» деген сөзді асығыс-үсігіс жаза салғаны көрініп тұр. «Барлық адам бақытқа лайықты! Ал, бақытты болу, басқа жанды бақытқа болеу-тек өз қолыңызда! Тек қана өз қолыңызда! Бақытты болыңыздар! Аллаға сансыз шүкіршілік айтамын!» деген сөзінде «болеу» деген бөтен сөз жүр. «Асығып жүріп жаза салған шығар» деп ойлай салуымызға болады, әрине. Бірақ, кейін уақыты болғанда парақшасын бір шолып шығып, қай сөзді қате жазғанын көріп, қайтадан түзеп шықса болады ғой.
Бұлар хештегті де сауатсыз жаза ма дейсің. Мысалы, «ҰлыДалаДружогы», «ҚРЕңбекСіңіргенДружогы», «Өсекграм» секілді мән-мағынасы жоқ хештегтер пайдаланады. «Базар жоқ» театрының «мылтығы» Қанат Әлжаппаров «братанжүректегікратан» деген хештег ойлап тауып, мәз болып жүр. «Кратан» сөзінің қандай мағына беретінін өзі де білмейтін шығар, бәлкім. Біздің бұлай жазудағы мақсатымыз біреудің қатесін көзіне шұқып көрсету емес. «Жұлдыздардың» негізгі оқырманы – жастар. Бұл – жастарымыз «жұлдыздарға» қарап, сауатты сөйлем құрап жазуды ұмытып кетпесе болды деген жанашыр ниеттен туған ой.
Тағы да оқыңыз:
Төреғали Төреәлі мен Ерке Есмахан “Нұр Отан” партиясына қабылданды
11-сынып оқушысы: Ләйлә Сұлтанқызының тікелей эфирдегі сөйлеу этикасы көңілге қона бермейді