Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Instagram-да 17 миллион қолданушының жеке деректері қолды болды

Instagram-да 17 миллион қоданушының жеке деректері қолды болдыФото: Ru.freepik.com

“Malwarebytes” компаниясының мамандарының айтуынша, қаскөйлер адамдардың аты-жөндері, телефон нөмірлері мен мекен-жайларын ұрлаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Мамандар миллиондаған Instagram қолданушысының жеке мәліметін қолды қылған хакерлер, енді ақпараттық шабуыл жасауға көшкен дейді. Яғни аккаунттарды бұзу мақсатында құпиясөзді өзгерту туралы ескертпе жіберіп жатыр. Ал мұндай хабарлама кей қазақстандықтарға да келген екен.

“Malwarebytes” компаниясының мәліметінше, жеке ақпараты жарияланып кеткен қолданушылардың саны – 17 миллион 500 мың адам. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі дербес деректері ұрланғандардың арасында қанша қазақстандық бары тексеріліп жатыр деді. Әзірге нақты ақпарат жоқ. Ал Мета компаниясының өкілдері Instagram желісі хакерлік шабуылға ұшырап, жүйе бұзылды дегенді жоққа шығарды.

“Біз сыртқы бір тараптың Instagram қолданушыларына “парольді қалпына келтіру” туралы хат жіберуіне мүмкіндік берген техникалық ақауды түзеттік. Қолданушыларды сабырға шақырамыз. Жүйеміз бұзылған жоқ. Instagram аккаунты қауіпсіз. Бұл хаттарды елемеуге болады. Туындаған түсініспеушілік үшін кешірім сұраймыз”, – деп жауап берді Мета компаниясы.

Сонда да мамандар әлеуметтік желіде барынша сақ болуға шақырады. Яғни, парақшаға қорғаныс жүйесін енгізіп, күмәнды сілтемелерге өтпеуге кеңес береді. Сондай-ақ желіде өздігінен құпиясөзді өзгерту туралы хабарламаға кірмеген абзал дейді.

 

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 13 Қаңтар, 2026 08:18