Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Інісінің көзінше ұрып өлтірген": Жамбыл облысында қатарластарының қолынан қаза тапқан жасөспірімнің анасы оқиғаның қалай болғанын айтып берді

Видеодан скрин

Жамбыл облысында қатарластарының қолынан қаза тапқан 15 жастағы жасөспірімнің анасы видеоүндеу жариялап, ұлының ұзақ уақыт бойы жоғары сынып оқушыларының әлімжеттігіне ұшырап келгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Марқұм жасөсіпірімнің анасы президентке үндеу жолдап, көмек сұрады.

“10-сынып оқитын ұлымнан айырылып қалдым. Сол күні балам моншаға түсіп жатқан жерінен, 11-сынып оқитын жігіттер қайта-қайта қоңырау шалып, сыртқа шығуын сұрап мазасын алды. Телефон үзіліссіз шырылдады. Ақыры балам далаға шығып кетті. 9-сыныпта оқитын ұлым да ағасымен бірге шықты. 11-сыныптың бес оқушысы ұлымды мәдениет үйінің артына апарып, аяусыз соққыға жыққан. Ол жерде кіші балам да болған, оны теріс қаратып тұрғызып қойған. Менің ұлым айқайлап, тоқтауды өтінсе де, бірақ олар соғуды тоқтатпаған. Оны қатты соққыға жыққаннан кейін, дүкенге жіберіп, сусын сатып алдырған. Дүкеннен келгеннен кейін 3 бала баламды тағы да соққыға шығып, жүрек тұсынан ұрып өлтірген. Ол балалар менің ұлыма мектепте күн сайын әлемжеттік жасап, ақша талап етіп, әр нәрсе сатып алуға мәжбүрлеп келген екен”, – деді әйел видеода. 

Әйелдің айтуынша, ұлын соққыға жыққан 5 баланың үшеуі ғана қамалып, қалған екеуі бостандықта жүрген көрінеді. Марқұмның анасы ұлының өліміне қатысы бар күдіктілердің ештеңе болмағандай мектепке барып жүргеніне наразы. 


Таразда жасөспірімдер қоңырау кезінде дәретханада төбелесіп, 9-сынып оқушысы көз жұмды

Таразда 1 қыркүйек күні 14 жастағы оқушы төбелес кезінде қаза тапты


Жамбыл облысының полиция департаменті бостандықта жүрген күдіктілерге қатысты мәлімдеме жасады. 

“Шу ауданындағы қылмыс фактісі бойынша полиция жан-жақты тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталды, қатысушылардан жауап алынды. Жасөспірімнің өліміне қатысы бар үш күдікті қамақта. Сонымен қатар, екі кәмелетке толмаған соттың шешімімен үй қамағына алынды. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының қатаң бақылауында”, – делінген хабарламада. 

Еске салсақ, 12 қыркүйекте Жамбыл облысының, Шу ауданында оқушылар қатарласын ұрып өлтірді деген күдікке ілінгені туралы жазған едік. Бұған дейін оқиғаның оқушылар арасындағы футбол ойынынан кейін болғаны айтылған еді. 

Дана Русланқызы
Жұма, 19 Қыркүйек, 2025 20:31
Талқылау