Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматының жаңа әкімінің бауырлары ірі құрылыс салушылар болып шықты: Министр қаладағы құрылыс саласын бақылауға уәде берді

Фото: Gov.kz

Жұрт Дархан Сатыбалды Алматы әкімі болып тағайындалғанына байланысты ол бауырларының бизнесіне ықпал етеді деп қауіптенді. Алайда өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев жағдайды бақылайтынын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұған дейін Астанадағы Кіші Талдыкөлді игерумен әкімнің ағаларына тиесілі компаниялар айналысқан. Енді алматылықтар ағайындылардың бизнесі бұл аймақта да ықпал етеді деп қорқады.

Баспасөз мәслихатында журналистер министрге Алматыдағы тығыз салынған құрылыс туралы сұрақтар қойды. Жаңа әкімнің ағаларымен байланысы бар құрылыс компаниялары қала құрылысына қаншалықты араласатынына мән берді.


Шаруалар тағзым еткен "хан": Алматының жаңа әкімі Дархан Сатыбалды туралы не білеміз


Ерсайын Нағаспаев тығыз салынған құрылыс мәселесі ерекше бақылауда екенін баса айтты.

"Тығыз салынған құрылыстар мәселесі ерекше бақылауда. Енді біз жергілікті атқарушы органдар ережеге ғана емес, егжей-тегжейлі жоспарлау, бас жоспарға да өзгерістер енгізуге мүмкіндік беретін механизмді жүзеге асырдық. Енді соңғы кезеңде бұл үдерісті қатаң бақылауға алатын біздің министрлік те тартылады.", – деді министр.

Оның айтуынша, бұрын жергілікті атқарушы органдар бас жоспарға өз бетінше өзгерістер енгізе алса, енді министрлік деңгейінде бақылау күшейтіледі.

Журналистер нақты жағдайда, мәселен, Алматыдағы ескі туберкулезге қарсы диспансердің орнында тағы бір көпқабатты үй құрылысы басталса, департамент қалай әрекет ететінін сұрады. Нағаспаев министрліктің енді соңғы кезеңде араласатынын атап өтті.

Ағайынды Сатыбалды бизнесінің Алматының дамуына ықпалы болуы мүмкін бе деген сауалға министр қысқаша жауап берді.

"Біз оны өз құзыретіміз шегінде қадағалаймыз", – деді ол.

Дархан Сатыбалдының үлкен ағасы Мұхтар Сатыбалды "Ultra Build", "Prestige AST", "Nomad Stroy Company", "Home Builders", "NEW HOME BUILD", "Fitness Palace", "ҚҰРЫЛЫСШЫ LTD" ЖШС-ларының негізін қалаған. Сондай-ақ "Sat Tower"-ды басқарады.

Тағы бір ағасы Сұңқар Сатыбалды "Smart Construction KZ", "Sat Build", "Sat Group Project", "Каз билдинг"-ті басқарады. Бұл компаниялардың барлығы құрылыс және жылжымайтын мүлікке маманданған.

Дархан Сатыбалдының інісі Ғабит Сатыбалды – "ең бай" құрылтайшы. Оның құзыретінде он ЖШС және бір жеке кәсіпкерлік бар. Ол – "CBC Group", "Sat Group Construction", "Astana Construction LTD", "Fitness Palace", "Kenada", "Sat-NS" , "Sat Group Project", "Astana Stroy LTD”, "WANSHENGCERAMIC", "Палас IP" компанияларының меншік иесі.

Бұған дейін Сатыбалдиевтер отбасының Астанадағы Кіші Талдықөлдің айналасындағы құрылыстарға қатысы бары айтылған. Отбасыға тиесілі үш компания бұл аумақтан 21 жер телімін алған. Экобелсенділердің наразылығынан кейін билік бұл аумақты абаттандырамыз деп уәде берген.

2023 жылы журналистер сол кездегі Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыдан ағалары мен оның Талдықөлге қатыс барын сұраған. Шенеунік бауырларының жұмысына ықпал етпейтінін, тендерге қатыспайтынын, ал Талдықөл жобасынан хабары жоғын айтты.

“Біз көпбалалы отбасынан шыққанбыз. Отбасымызда жеті баламыз – әпкеміз және алты жігіт бар. Олар менен үлкен. Мен отбасындағы алтыншы баламын. Олардың бизнесінің тарихына қарасаңыз, сонау 90-жылдардың басында басталды. Қалай болды? 80-жылдардың аяғы мен 90-жылдардың басында бәріміз жұмыссыз болдық. Жұмыс істеу керек еді. Олар жұмыс істеп, саудамен айналыса бастады. Студент болдым, саудамен де айналыстым”, – деді ол.

Бұған дейін Дархан Сатыбалдының Алматының жаңа әкімі болып тағайындалғаны туралы жазған едік.

Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 27 Мамыр, 2025 13:51
Талқылау