Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Индонезияда есірткі тасымалдағаны үшін ұсталған екі қазақстандықты өлім жазасы күтіп тұр

Фото: pixabay.com

Индонезияда есірткі тасымалдады деген күдікпен екі қазақстандық қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Arabian Times басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Индонезия билігі есірткіге қарсы екі айлық операцияның аяқталғанын жариялады. Операция барысында 683 885 грамм (0,68 тонна) есірткі тәркіленіп, 285 адам ұсталған. Оның ішінде 29 әйел мен 7 шетелдік азамат бар.

Есірткіге қарсы күрес ұлттық агенттігінің басшысы Мартинус Хукомның айтуынша, операция биыл сәуір-маусым айларында Индонезияның 20 провинциясында жүргізілген. Нәтижесінде екі есірткі синдикатының ақшаны жылыстату схемалары әшкереленіп, құны 26 миллиард рупийден (156 миллиард 780 миллион теңге) асатын активтер тәркіленді. 



Агенттік өкілі Буди Вибово метамфетамин, марихуана, экстази, THC, гашиш және амфетамин тәркіленгенін айтты. Сондай-ақ жеті шетелдік, яғни америкалық, екі қазақстандық, екі малайзиялық, бір үндістандық және бір австралиялық азаматтың ұсталғанын мәлімдеді. 

БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы Индонезияны ішінара есірткі контрабандасының негізгі орталығы деп санайды. Себебі халықаралық есірткі синдикаттары оның жас тұрғындарын нысанаға алады. Ұсталғандардың бәрі кінәлі деп танылса, өлім жазасына кесілуі мүмкін.

Қазақстан Республикасы cыртқы істер министрлігі бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді.

“Қазіргі уақытта аталған азаматтарға қатысты Индонезияның құзырлы органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр, сондықтан өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Қазақстанның Джакартадағы Елшілігі тергеу органдарымен және күдіктілердің туыстарымен байланыста жұмыс істеуде. Бұл мәселе қазақстандық дипломаттардың ерекше бақылауында”, – делінген СІМ мәлімдемесінде.

Айта кетейік, бұған дейін Елімізде есірткі қойып кеткені үшін сотталғандар рақымшылыққа ілінбейтіні туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 25 Маусым, 2025 16:52
Талқылау