Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Имандай сендік": Балғынбек Имашевтың ұлынан жолдама сатып алған тағы 40 шақты адам шу шығарды

Видеодан скрин

Айтыскер Балғынбек Имашевтың ұлынан қажылыққа жолдама сатып алдық деген тағы 40 шақты адам шу шығарды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген азаматтар ақшасын да қайтара алмай жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Бүгін Алматыдағы зардап шегушілер полиция басқармасына барып, тергеудің қалай жүріп жатқанын білуге тырысты.

“19 сәуірде ұшуым керек еді, сол уақыттан бері ешқайда ұшқан жоқпыз. Ақшамыз да қайтарылмай жатыр. Жұмаға дейін деген, ең соңғы уәдесі Құрбан айтқа дейін қайтарамыз деген. Директоры Имашев Данияр деген жігіт”, – дейді Берік Маржанов.

Әрқайсысы жолдамаға шамамен 500 мың теңгеден төлеген. Яғни айтыскердің ұлы оларға жалпы сомасы 20 миллион теңге қарыз дейді. Оларға Мекке мен Мәдинадағы үш және төрт жұлдызды қонақүйде тұру уәде етілген.


"Алланың сынағы деп кешіреді": Алматыда ер адам 180 қазақстандықты Меккеге қажылыққа апарамын деп алдап кеткен


Сан соғып қалғандар компанияны әлеуметтік желі арқылы тапқан. Балғынбек Имашевтың өзі жарнамалаған соң, "имандай сендік" дейді. Ал қазір не өзі, не ұлы байланысқа шықпай отыр екен. Журналистер қоңырау шалғанда да айтыскер сол күйі жауап бермеген.

Еске салсақ, бұған дейін дәл осы компанияға алданған 50-ге тарта адам жаппай полицияға шағым түсіріп, іле-шала Данияр Имашев алған қаражатын қайтарып берген. Бұл жолы да зардап шеккендер полицияға жүгініп, алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалыпты.

“Қылмыстық іс жүргізу кодексімен көзделген барлық тергеу жүргізіліп жатыр. Сараптама зерттеулер тағайындалды. Іс материалдары міндетті түрде сотқа жолданылады”, – дейді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Еске салсақ, осыған дейін Айтыскер ақын Балғынбек Имашевтың ұлы Данияр Имашев алаяқтық фактісі бойынша тергеуге алынған еді.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 12 Маусым, 2025 22:52
Талқылау