"Ең әдемі қыздар Ақсуда": Imanbek жеке өмірі туралы айтып берді
Қазақстандық жас диджей, Grammy сыйлығының жеңімпазы Иманбек Зейкенов (Imanbek) жеке өмірі мен отбасына қатысты мәліметтермен бөлісті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Музыка саласындағы халықаралық айтулы сыйлықтың иегері NRJ радиосына сұхбат берді. Бағдарлама жүргізушісі алдымен Иманбектен жанкүйерлері мен жеке өміріне қатысты сұрақтан бастады.
"Директте жазып жатқан шығар, әзірге ашқан емеспін. Ашып қарау керек. Қыздардың биязы, қарапайым және зиялы қасиеттерін жоғары бағалаймын. Ең әдемі қыздар Ақсуда", - деді Иманбек.
Болашақта балаңа музыкамен айналысуға рұқсат бересің бе деген сауалға диджей бірге айналысамыз деген жауап қатты.
Радио эфирге жерлесімізбен қатар оның продюсері Кирилл Джам да қатысты. Және ол Иманбекке қатысты өз ойымен бөлісті.
"Жұлдыз ауруына шалдықпай ма?" дегенді мен де іштей ойладым. Бірақ көріп отырғандарыңыздай, Иманбек өте тәрбиелі әрі қарапайым. Сондықтан жұлдыз ауруына қатысты проблема болмайды деген ойдамын", - деді ол.
Сондай-ақ, продюсер Grammy-дің академиялық сыйлық екенін яғни оған қаржылай сыйақы берілмейтіні туралы мәлім етті.
Одан бөлек, Иманбек Grammy сыйлығын қайда қоятынын және отбасылық өміріне қатысты мәліметтермен бөлісті.
"Grammy-ді үйде мақтау қағаздарымен бірге қоямын. Отбасыма келсем, ата-анаммен бірге тұрып жатырмын. Әзірге қайда көшетінім белгісіз. Менің Grammy сыйлығын алғанымды бүкіл қазақстандықтар білді. Оның ішінде өзім тұратын Ақсу қаласындағылар да бар. Әкемнің айтуынша, сыйлық алған күні, ол уақытта Қазақстанда түнгі сағат 2-3-тің шамасы, біздің үйге түсірілім тобы барыпты. Бірақ әкем есікті ашпапты, дұрыс істеген, мен әкеме үйге кіргізудің керегі жоқ дегем", - дейді қазақстандық диджей.
Еске сала кетсек, тек Қазақстан емес ТМД яғни бұрынғы КСРО елдері ішінде алғаш рет біздің жерлесіміз Иманбек Зейкенов музыка саласындағы ең беделді Grammy сыйлығын ұтып алды.