Илон Масктың Техастағы Starbase ғарыш базасы қала мәртебесін алмақ
Фото: Jim watson/afp via Getty Images
4 мамырда Техастың оңтүстігінде жергілікті тұрғындардың дауыс беруі арқылы жаңа қала пайда болатыны туралы айтылды. Starbase деп аталатын бұл жаңа муниципалитет Илон Масктың SpaceX компаниясының басқаруына өтеді деген болжам бар. Алайда кейбір көрші аудандардың тұрғындары бұл бастамаға қарсы шығып, компанияны экологияға зиян келтірді деп айыптап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңа қала Бока-Чика (Boca Chica Village) ауылындағы аумақта құрылады деп жоспарланып отыр. Дауыс беру құқығы бар 283 тұрғынның көбі – SpaceX компаниясының қызметкерлері және алдын ала дауыс беріп қойғандар.
Муниципалитет құрылса, жергілікті билік органдары — мэр және екі комиссар сайланып, салық салу, жоспарлау сияқты әкімшілік мәселелерді басқаруға кіріседі. Бірақ кейбір жергілікті тұрғындар бұл өзгеріске қарсы, себебі олардың айтуынша, компания қоршаған ортаға зиян келтіріп жатыр.
Жаңа қаланың аумағы шамамен 3,9 шаршы шақырым болмақ. 2012 жылы SpaceX бұл жерлерді сатып ала бастағанға дейін бұл аумақ сирек қоныстанған еді. Қазір мұнда компанияның нысандары мен қызметкерлерге арналған тұрғын үйлер бар, Илон Масктың өзі де осы маңда тұрады. Бұл туралы мемдерге арналған көше атауы (Memes Street) мен жуырда вандализмге ұшыраған Масктың алып мүсіні айғақ бола алады.
Кей бағалау бойынша бұл аумақта шамамен 500-дей адам тұрады. Starbase-ті қалаға айналдыру туралы ниет бірнеше жылдан бері айтылып жүрген еді. 2024 жылдың желтоқсанында ресми петиция беріліп, жексенбі күнгі дауыс беруге жол ашты.
Егер бастама мақұлданса, Starbase-тің алғашқы мэрі болып SpaceX вице-президенті Бобби Педен (Bobby Peden) тағайындалады. Ол бұл қызметке жалғыз үміткер ретінде қатысып отыр. Комиссар қызметіне де екі жергілікті тұрғын еш бәсекесіз ұсынылып отыр. Starbase C санатындағы қала болуы мүмкін, себебі бұл – 5 мың адамнан аз халқы бар муниципалитеттерге берілетін мәртебе. Мұндай мәртебе жергілікті билікке 1,5%-ға дейін мүлік салығын салуға құқық береді. Егер Starbase қала мәртебесін алса, Техас штатының заң шығару жиналысында қаралып жатқан заң жобасы бұл қаланың билігіне жергілікті магистраль жолын жабуға және SpaceX зымырандарын ұшыру кезінде немесе басқа да іс-шаралар кезінде Бока-Чика жағажайына және осы аттас мемлекеттік паркке қолжетімділікті шектеуге құқық беруі мүмкін.
Қазір мұндай жол жабу туралы шектеулерге Камерон округінің билігі ұйымдастырады. Бұл округке Браунсвилл қаласы мен Саут-Падре-Айленд курорттық қаласы кіреді. Дауыс беру нәтижесі Starbase жаңа қаласы мен Камерон округінің арасында жағажайға қолжетімділік мәселесіне қатысты қақтығыс туғызуы мүмкін. Әсіресе SpaceX компаниясы жылына 5 зымыран ұшырудан 25-ке дейін арттыруды жоспарлап отырғанын ескерсек, бұл мәселе шиеленісуі мүмкін.
Камерон округінің жоғары лауазымды тұлғасы, судья Эдди Тревино-кіші бұл заң жобасына қарсы шығып отыр және Starbase-ке мұндай өкілеттіктер берілмеуге тиіс деп есептейді. Кейінгі жылдары Илон Маск өз компанияларының көбін, соның ішінде штаб-пәтерлерін, Калифорниядан Техасқа көшірді. Ол мұны Техастағы қолайлы реттеу шарттарымен және демократтар үстемдік ететін Калифорнияның саясатына қарсы көзқарасымен түсіндіреді.
Масктың X және Boring компанияларының штаб-пәтерлері штат астанасы Остинге жақын орналасқан Бастроп қаласының шетінде орналасқан. Бұл Starbase-тен солтүстікке қарай шамамен 5,5 сағаттық жол. Бірақ Starbase-тен айырмашылығы, Остин аймағында қызметкерлер үшін жаңа тұрғын үй салынбаған, өйткені олардың көбі Бастроп маңайында тұрады.
Экологиялық ұйымдар SpaceX компаниясын жабайы табиғатқа зиян келтіру, жарықпен ластану және зымыран ұшырулардан кейін қалатын қоқыстар үшін сынға алды. 2024 жылы компания АҚШ Қоршаған ортаны қорғау агенттігі мен Техас штатының қоршаған ортаны қорғау комиссиясы тарапынан ағынды суларды заңсыз төккені үшін 150 мың долларға жуық айыппұл төлеген.
SpaceX бұл айыппұлдарды "құжаттармен келіспеушіліктің салдары" деп атап, компания барлық экологиялық заңдарды сақтап отырғанын мәлімдеді.
Илон Маск адам миына көру қабілетін қалпына келтіретін чип орнатпақ
Tesla жүргізушісіз таксиді сынақтан өткізіп жатыр
Еске салайық, бұған дейін SpaceX компаниясы Жердің полярлық аймақтарына адамдарды ұшыратынын жазған едік. Fram2 деп аталатын миссия дүйсенбіде жергілікті уақыт бойынша 21:46-да Флоридадағы ғарыш айлағынан Falcon 9 зымыранымен ұшырылады. Бортта төрт жеке астронавттан тұратын экипаж болады. Үш-бес күнде олар Жердің Солтүстік және Оңтүстік полюстерінің үстінен ұшып өтіп, ғарыштың адам денсаулығына әсері туралы зерттеулер жүргізеді.

“Кадрда көрінбеуің керек": "Жайдарман" ойындарын көруге барған қазақстандық ару орамалы үшін қысымға ұшыраған
