Иістен уланған: Ақтөбеде мектеп оқушыларының қытайлық өнімнен улануына қатысты оқиғаның мән-жайы белгілі болды
Ақтөбедегі мектепте кептірілген шаян таяқшаларын жеп, ауруханадан бір-ақ шыққан оқушыларға қатысты оқиғаның мән-жайы белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скрин
Мектеп оқушыларының бірі сырттағы дүкеннен алынған иісі өткір, дәмі ащы тағамды сыныптастарымен бөліскен. Осыдан кейін бірден балалардың көзі жасаурап, тамағы бітеліп, үстері қыши бастаған. Зәресі ұшқан мұғалімдер дереу жедел жәрдем шақырған.
Шақыртуға келген жедел жәрдем қызметкерлері 23 баланы ауруханаға алып кетіпті. Ауруханаға жатқызылған 9 баланың, жетеуі ғана тағамнан дәм татқан. Екеуі өткір иіске уланып қалған көрінеді.
“Қызым дүкеннен шаян таяқшаларын сатып алған. Мектепке келіп қорабын ашқанның өзінде өткір иіс сыныптың жайлап кеткен. Қызымның өзі екі таяқшаға жепті. Дәмін татып көрген балалардың бірі түкіріп тастаған, біреуінің үстіне бөрткен шықса, тағы бір баланың тынысы тарылып, су іше берген. Ұстаздарға рахмет, дереу байқап қалып, дәрігер шақырған, қазір қызымның жағдайы жақсы”, – дейді оқушы қыздың анасы Евгения Вагнер.
Балалар үш тәулік бойы қалалық ауруханада ем қабылдаған. Емдеу шараларының дұрыс болуын қадағалау үшін санитарлық авиацияның тікұшағымен дәрігерлер алдырылыпты.
“Ең басты белгісі балаларда жүрек айну болған, қолдарында бөртпе шыққан. Бастапқы болжам бойынша “тамақтан улану” деген диагноз қойдық. Бірақ бүгін үш күндік бақылау мен сараптама нәтижелеріне қарай отырып, диагнозды “иістен улану” деп өзгерттік. Балалардың қанағаттанарлық жағдайына байланысты, балалардың барлығын үйіне жіберу туралы шешім қабылдадық”, – дейді Қобда аудандық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Әлия Пернебаева.
Қазір бастауыш сыныптың оқушыларын ауруханадан бір-ақ шығарған өнімнің суреті мектептің кіреберісіне ілініп қойылыпты. Ал директор әр сыныптың ата-аналарын шақырып жиналыс өткізген.
“Ата-аналарды шақыртып, түсіндіру жұмыстарын жүргіздім. Ата-аналар балаға аұша бергенде, ол ақшаға не алып жүргенін бақылауы керек”, – дейді Қобыланды батыр атындағы орта мектеп директорының міндетін атқарушы Берік Дүйсенов.
Оқушылар уланғаннан кейін санитар мамандар қытайлық өнімді сатқан дүкенде кезектен тыс тексеру өткізген. Тексеріс нәтижесінде аталмыш өнімнің сәйкестендіру нөмері мен өнімді растайтын құжаты жоқ екені анықталды. Қазір осы өнімді сатқан сатушыға қатысты тергеу жүріп жатыр.
Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе облысында бір топ оқушы жаппай уланып, ауруханаға түскені туралы жазған едік. Оқушылардың улануына қатысты қылмыстық іс қозғалды.

"Жиырмадан асқан жігіттер қырындайды": Қызының қатарласындай жас көрінетін 40 жастағы қазақстандық әйел желі жұлдызына айналды
