"Иіс қоюланып, үй ішіне кіреді": Алматы облысының тұрғындары ауылдан шығатын жағымсыз иіске шағым білдірді
Фото: Видеодан скрин
Алматы облысындағы Қоянқұс ауылының тұрғындары өңірді жайлаған жағымсыз иіске шағым білдірді. Олардың сөзінше, кешкі уақытта ауа тарылған соң, терезе мүлде ашылмайды. Жергілікті халық жағымсыз иіс денсаулығымызға зиян тигізе ме деп қорқып отыр екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ауыл тұрғынының айтуынша, түнгі уақытта жағымсыз иіс қоюланып, үй ішін жайлап кетеді
"Сасық иіс бір-екі жылдан бері жауын жауып, жел соққан кезде шығады. Кейінгі уақытта жиі шығатын болды", - дейді тұрғын Самат Алтынбеков.
Ауыл тұрғындары жағымсыз иістің нақты қай жерден шығатынын білмейді.
"Не сасық иіс, қайдан келіп жатыр? Біз білмейміз оны. Біреулер Ащыбұлақта бір су бар сол сасиды дейді. Енді бірі жақын маңда соя өсіретін жер бар, содан болуы мүмкін дейді. Жаңадәуірде фармацефт зауыты бар дейді, содан болуы мүмкін деген әңгімені де айтады. Ал нақты ешкім, ештеңе білмейді", – дейді тұрғын Гүлжиян Нұрғалиева.
Фото: Видеодан скрин
Жергілікті билік бұл жағдайдан хабардар екенін, тиісті шаралар қабылданып жатқанын айты.
"Бұл иіс белгілі бір мезгілде шығады. Қазір Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мамандары иістің шығу орнын анықтап жатыр. Шығу орны анықталған соң, Экология департаментке хат жолдап, бізге есеп береді. Экология департаменті тиісті шаралар қабылдайды", – дейді Алатау қаласы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Асхат Жексенбеков.
Ал санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы қажетті сынамалар жүргізілгенін айтты. Мәліметке сәйкес, жағымсыз иістен адам денсаулығына зиянды заттар анықталмаған.
"Іле ауданында алты бірдей өнеркәсіп нысаны бар. Иістің қайсысынан тарап жатқанын тап басып айту қиын. Алатау қаласының құрылғанына бір жылдан асты. Сол себепті жұмысқа енді кірісіп жатырмыз. Ал әлеуметтік желіде тараған лай шалшықтағы құрттары бар суға сынама жүргізілді. Одан адам денсаулығына зиянды заттар анықталмады", – деді Алатау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Сәкен Сахитов.
Мамандар иістің көзін тапқан соң нақты шара қолданылатынын айтты. Ал Қоянқұс тұрғындары бұл мәселе ұзаққа созылып кетпесе екен деп отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Саран тұрғындары он күннен бері жағымсыз иіске уланып отырғаны туралы жазған едік.

“Газ плитасы, күннен қуат алатын панельдер алып дайындаламыз”: Алакөлде шатырда қонып жүрген қазақстандық отбасы жабайы демалысты дәстүрге айналдырған
