Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда мұғалім хиджаб кигені үшін мектепке жұмысқа тұра алмаған

мектепте хиджаб киюге бола маФото: Stan.kz/ChatGpt арқылы жасалды

Қазақстанда IELTS емтиханынан 8.0 балл алған мұғалім хиджаб киетіні үшін мемлекеттік мектепке жұмысқа орналаса алмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Аталған жағдайды Диана есімді қазақстандық Threads парақшасында жазды. 

"Қазақстанда IELTS 8.0 сертификаты бар мұғалім мемлекеттік мектепке жұмысқа орналаса алмады. Неге екенін білесіз бе? Өйткені ол хиджаб киеді. Білім, тәжірибе, балаларға деген сүйіспеншілік екінші орында қалып қойды. Ал дресс код бірінші орында. Ұстаздың білім нұрын шашып, жаңа ұрпақ тәрбиелеуі маңызды емес пе? Адал еңбек етіп, балаға инвестиция салған ұстаз мектептен лайық орын алуы тиіс деп есептеймін. Ал сіз қалай ойлайсыз? Мұғалімнің білімі маңызды ма, әлде сырт келбеті ме", – деп жазды қазақстандық. 

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Оқу-ағарту министрлігінен мән-жайды сұрап білді. Министрлік мәліметінше, мектепте тек классикалық үлгідегі киім киюге болады.

Мұғалім мектепте хиджаб кие ала ма?

Еліміздегі мемлекеттік білім және тәрбие беру  жүйесі діни бірлестіктерден бөлінген және зайырлы сипатқа ие. Педагог ең алдымен зайырлы білім таратушысы болғандықтан, орта білім беру ұйымдарында білім алушылар үшін белгіленген нормалар мен қағидаларды ұстануға міндетті.  

"Білім беру туралы" заңның 51-бабы 5-тарауына сәйкес, педагог жұмыскерлердің білім беру процесін саяси үгіттеу, діни насихат жүргізу мақсатында немесе білім алушыларды Қазақстан Конституциясына және заңнамасына қайшы келетін әрекеттерге итермелеу үшін пайдалануына тыйым салынады. 

Еліміздің білім беру саласындағы қолданыстағы заңнамасына сәйкес, міндеттерін бұзғаны және педагог жұмыскер атағына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін Қазақстан заңдарында белгіленген жауаптылыққа тартылуы мүмкін. 

“Кейбірі оқушыға дін жайында әңгіме айтады”

Бұл жағдайға қатысты желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі, хиджаб киетін мұғалімге баласын оқытпайтынын айтса, енді бірі адамның сырт келбеті баланың білім алуына кедергі келтірмейтінін жеткізді.

"Хиджаб киген мұғалімдердің кейбірі балаға дін жайында әңгіме айтады. Мұндай жағдайда мұғалімнің балаға не жеткізетінін, нақты қандай идеялар "сіңіріп" жатқанын қадағалау қиын. Ол зиянды болуы ықтимал. Мұғалімдерді жеке тексеру мүмкін болмағандықтан, баланың айналасында ондай адамдарды жүргізбеу керек. Ал сенім, дін мәселесі ересек адамның саналы таңдауы болуы тиіс".

"Менің IELTS балым – 9.0. Ал араб тілім – В2 деңгейінде. Сауд Арабиясына барып, жұмысқа тұруға өтініш білдіріп көрсем, мені жабық киімсіз жұмысқа қабылдамайды. Бірақ оған ешқашан ренжімес едім. Кезінде мектепте бір мұғалім болды. Қанша жерден "зайырлы" болуға тырысқанымен, кез келген ұсақ-түйектен дінге қатысты сөз қозғай беретін. Колледжде де сондай жағдай болды. Уағыздар мен "ақиқаттарды" жасырын түрде, бастық байқамайтындай қылып жеткізіп жүретін. Айтпақшы, шынымен киімнің ешқандай мәні болмаса, неге шешіп тастамасқа?".

"Біздің мектепте қазақ әдебиетінен сабақ берген мұғалім хиджаб киетін еді. Оның қызы да бізбен бір сыныпта оқыды, ол да хиджаб тағатын. 5-сыныптан 8-сыныпқа дейін ол өзге діндегi қыздарға "сендер лассыңдар, күнәһарсыңдар" деп айтатын. Бұл мәселе бірнеше рет ата-аналар жиналысында көтерілді. 8-сыныпта ол қыз жоғарғы сыныптағы бір жігітпен араласа бастады. Ал 9-сыныпта жүкті болып, оған тұрмысқа шықты. Біз болсақ, олар үшін "лас" әрі "күнәһар" күйінде қала бердік".

"Хиджаб сыртқы көрініс ғана емес, идеология. Сіздің біліміңізге, қабілетіңізге, дағдыларыңызға құрметпен қарасақ та, біз зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Біздің отбасымызда сенім бар, бірақ фанатизм жоқ. Балаларымды дәл осылай тәрбиелегім келеді. Егер діни қоғамда өмір сүргіңіз келсе, біздің ел оған сәйкес келмейді. Мәселе мемлекетте емес, өзіңізде! Балабақшада өте жақсы, ақылды, балаларды жақсы көретін тәрбиеші бар. Ол да хиджаб киеді. Бірақ балабақшаға келгенде шешіп, өз жұмысын істейді. Себебі ол өзі үшін оранған, өзі үшін намаз оқиды. Балабақшадан шыққанда қайтадан хиджабын киіп алады, бәріне сабырмен қарайды. Бізбен де еркін сөйлеседі".

"Мектептен хиджаб киген, кеудесіне дейін сақал өсірген, тұтастай татуировка жасатқан немесе шашын көк түске боятқан адам келіп жұмыс сұраса, бәрін ештеңеге қарамай қабылдауға тура келеді. Біз зайырлы мемлекетпіз, сондықтан бәрін қабылдау қажет болады. Егер сондай "ақылды" болсаңыз, арнайы оқу орталығында жұмыс істеңіз. Ол жерде жалақы да жоғары, сертификаттарыңызды да көрсетерсіз". 

“Бұл мектеп тарапынан заңсыз әрекет”

"Бұл мектеп тарапынан заңсыз әрекет. Діни белгі бойынша кемсіту болып саналады. Зайырлы мемлекетпіз, дін бостандығы бар деген сөз. Бұл атеистік мемлекет дегенді білдірмейді. Жұмысқа алмағандарды сотқа беріңіз!"

"Егер намаз сабаққа зиянын тигізбесе, неге жұмысқа қабылдамасқа? Мен бірнеше діндар адамдарды білемін. Олардың ғылыми дәрежесі PhD әрі өте сауатты жандар. Менің ойымша, жақсы білім алған адам мен жай ғана діндар адамның айырмашылығы бар. Бұл жерде "ислам – мінсіз, адамдар – мінсіз емес" деуге болады".

"Хиджабтағы мұғалім баланың дүниетанымына теріс әсер етуі мүмкін" деген ой таңғалдырады. Мұғалім үшін ең бастысы оның кәсіби құзыреттілігі. Бұл білім ғана емес, өз көзқарасын балаға таңбау қабілеті. Егер мұнда мәселе болмаса, неге қоғам ондай маманнан бас тартуы керек?". 

"7-сыныпта оқып жүрген кезім (2006 жыл). Бізде өзбек тілінен сабақ беретін мұғалім болды. Ол мұсылман еді, алайда орамал тақпайтын, "әлхамдулиллаһ" деп айтпайтын. Бірде әңгіме ислам жайына ауысып, қызығып сұрай бастадық. Ал ол бізге ештеңе айтпады. Өйткені оны "дінді зорлап таңды" деп жазғырар еді. Сондықтан мектепке жұмысқа қабылдайтын кезде, киіміне мән беріп қажеті жоқ. Бәрі адамның өзіне байланысты".

Жұмаділлә Нұрила
Дүйсенбі, 25 Тамыз, 2025 16:22
Талқылау