"Ыдыс-аяқты дұрыс жинамаған": Павлодар облысында өгей әке анасы жұмысқа кеткенде баласын жазалап ұрған
Павлодар облысында өгей әкесі анасы жоқ кезде ыдыс-аяқты дұрыс жинамағаны үшін баланы ұрған. Әйел бұл ер адаммен 5 жылдан бері азаматтық некеде болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Павлодар облысындағы балалар құқығын қорғау бойынша жергілікті маман Сәуле Шәкенова оқиға туралы желіде баяндап берді. Айтуынша, оқиға 4 наурызда болған. Баланың айтуынша, анасы жұмысқа кеткен кезде өгей әкесі ыдыс-аяқты дұрыс жинамағаны үшін ұрған. Бұл ер адам анасымен азаматтық некеде бірге тұрған.
“5 жыл бірге тұратын адамның осындай агрессиясы алғаш рет болды. Дегенмен балалардың анасы онымен ажырасу туралы шешім қабылдады. Өйткені айтуынша, ол үшін балалардан маңызды ешкім жоқ. Мен барған кезде оның тұрғылықты мекен-жайы болған жоқ.
Ұлдың анасы – балалар үйінің түлегі. 2009 жылдан бастап пәтерге кезекте тұр. Кезегі 116. Ол 12, 9, 3 жастағы үш кәмелетке толмаған балалармен бірге бір бөлмелі пәтерді 70 мың теңгеге (+ комуналдық шығын) жалға алады. Оған қоса несиесін төлейді. Анасының жалақысы 106 мың теңге. Алкогольді ішімдік тұтынбайды. Ол тұрғылықты жері бойынша да, балалардың оқу орны бойынша да оң сипатта”, – деді Сәуле Шәкенова.
Маманның айтуынша, жағдайдан соң бірге тұратын ер адамға қатысты 30 тәулік мерзімге қорғау ұйғарымы шығарылған. Сондай-ақ қылмыстық кодекстің 109-1-бабы (ұрып-соғу) бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Қазір баланың әл-ауқаты қанағаттанарлық, бірақ офтальмологтың тексеруі қажет.
Оқиғаға байланысты Павлодар облысы полиция департаментi пікір білдірді.
“Кәмелетке толмағанды ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады. 4 наурызда өгей әкесі кәмелетке толмаған өгей баласын үстелді жинамағаны үшін ұрғаны анықталды. Бастапқыда заңды өкіл өтініштен бас тартты.
Сондай-ақ өтініштен бас тартқан ананың тәртібі кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда қаралады”, – делінген хабарламада.