"Хутор бандасының" басшысы делінген Хасанның соты: Жәбірленуші оны қалай ұрлап, ұрып-соққанын айтты
Фото: Видеодан скрин
Талғар аудандық сотында “Хутор бандасының” басшысы делінген Хасан Қасымбаевқа қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Прокурор Ерлан Құланбаев ММА боксшысы әрі жаттықтырушы Арман Әлімовтің ұрып-соғу салдарынан алған жарақаттары бойынша сот-медициналық сараптаманың қорытындысын жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, Әлиевте келесі жарақаттар болған:
Жеңіл дене жарақаттары:
– көз айналасындағы гематома (параорбитальды гематома);
– көздің I дәрежелі контузиясы;
– оң көз аймағындағы субдуралды қан құйылу;
– оң көздің тамырларының жарылуы;
– оң көздің көру қабілетінің төмендеуі.
Бұл жарақаттар еңбекке жарамсыздыққа әкелмейтін жеңіл дене жарақаттары ретінде жіктеледі.
Орташа ауырлықтағы дене жарақаттары:
– IX қабырғаның сынуы;
– екінші бел омыртқасының көлденең өсіндісінің сынуы.
Бұл жарақаттар орташа ауырлықтағы дене жарақаттары санатына жатады.
Жабық бассүйек-ми жарақаты:
– бастың жұмсақ тіндерінің контузиясы;
– абразиялар;
– сол жақта периорбитальды гематома.
Сондай-ақ сот отырысында жәбірленуші Арман Әлиевтен жауап алынды. Ол басты айыпталушы Хасан Қасымбаевты 2016 жылдан бері танитынын айтты.
"2020 жылы Еңбекшіқазақ ауданында атыс болды. Сол жерде Мадияр Қалымжанов жараланды. Осы оқиғадан кейін маған Ержан Қасымбаев (Хасанның інісі) түрмеден хабарласты. Ол менің атысқа қатысым бар-жоғын сұрады. Мен қатысым жоқ екенін айттым, тек таныстарым сонда болғанын түсіндірдім", – деді жәбірленуші.
"Жәбірленуші екеу": Алматы облысында Хасан Қасымбаевтың ісіне қатысты сот отырысы басталды
2021 жылы Әлиевтің танысы соққыға жығылып, ауруханаға түскен. Оны емханада көрген соң жәбірленушінің артынан аңду басталған.
"Досым өзін Қасымбаевтың адамдары ұрғанын айтты. Сол сәттен бастап үйімнің қасында бір көлік күнде екі апта бойы тұратын болды. Алғашында оны өзіме байланысты деп ойламадым. Кейін балаларға турник орнатып жатқанымда Руслан Әлиевті көрдім. Сол кезде мені аңдып жүргендерін түсіндім", – деді спортшы.
"Мені ұрып-соғып, көлікке тықты"
Әлиев сотта өзіне жасалған шабуылды егжей-тегжейлі баяндады.
"Дүкеннің жанында бес адам ұрып-соқты. Көлік алдын ала дайындалып тұрған екен. Мадияр сәлем беріп, қолымнан ұстады. Біреуі аяғымнан, біреуі қолымнан тартып құлатып, ұра бастады. Бір кезде есімнен танып қалдым. Оянғанда көліктің артқы орындығында жатыр екенмін. Руслан аяғымнан ұстап отырды, Мадияр кеудемнен, ал басымды Ақтанов қысып тұрды. Олар мені Талғар сыртындағы алқапқа алып барды. Ол кезде енді кеш батып келе жатқан. Далаға шығарып, тергей бастады. Сұлтанбеков пен Асқаров битамен ұрды", – деді жәбірленуші.
Оның айтуынша, Сайлау тергеуді жүргізіп, қашан ұру керегін өзі айтып отырған.
"Мадияр Қалымжанов жейдесін шешіп, оқтан алған жарақаттарын көрсетіп, жылап, мүгедек болып қалғанын айтты. Олар атысқа мені қатысы бар деп айыптады. Сол кезде Ақтанов Хасан Қасымбаевқа телефон соғып, “не істейік” деп сұрады. Руслан бәрін видеоға түсіріп отырды, қалғандары ұрып-соқты. Кейін Қасымбаевтың өзі келді, бірақ көліктен түспеді. Терезесін ашып, “жетеді, кетейік, әшкерелендік, полиция келе жатыр” деді. Содан бәрі тез көліктеріне мініп кетті. Менде телефон болған, сол арқылы таксист танысыма қоңырау шалдым. Ол келіп алып кетті", – деді Әлиев.
Еске салайық, бұған дейін "Хутор" бандасының басшысы деп аталған Хасан Қасымбаевтың ісі прокуратураға түскенін жаздық. Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмған еді. Бұл қоғамда үлкен резонанс тудырды. Алматы облысы прокурорының орынбасары мен Талғар ауданының прокуроры лауазымынан босатылған еді. Шерзаттың ата-анасы әкімдік пен аудандағы құзырлы орган басшыларының қызметінен кетуін талап етті.
Осыдан соң Хутордың өкілі делінген Хасанның ағасы, Талғар ауданының әкім аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев қызметінен кетті. Кейіннен "Хутор" бандасының жетекшісі деген Хасан Қасымбаев ұсталғаны туралы хабарлаған едік. Кейін оның ережесіз жекпе-жек спортшысын аяусыз ұрып жатқан видеосы тарап, не үшін ұсталғаны белгілі болды. Сонымен қатар Хасан Қасымбаевтың анасы ұлының жазықсыз екенін айтып, президенттен көмек сұрады.

Қаржылық жағдайы нашарлаған қазақстандықтар алимент төлеуден босатылады: Әділет министрлігі өзгерістерді түсіндірді
