Хромтау кенішінде жарылыс болып, төрт адамды күйік шалып ауруханаға жеткізілді
28 ақпанда Хромтау кенішіндегі жарылыс болып, бірнеше кенші күйікпен ауруханаға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik.com
Оқиға Дөң тау-кен байыту комбинатының "Болашақ" кенішінде кен өндіру блогында бұрғылау жұмыстарын жүргізу кезінде ауа кеңістігінің қысқа мерзімді тұтануы пайда болған.
"Төрт жұмысшыны әртүрлі дәрежедегі күйік шалып, ауруханаға жеткізілді. Оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Мән-жай анықталып, салдары жойылмайынша, кеніштегі тау-кен жұмыстары тоқтатылды”, – делінген хабарламада.
- Ұлытаудағы апат: Вице-премьер министр тергеу аяқталғанша шахтадағы жұмысты қайта бастамауды тапсырды
Ал облыстық полиция департаменті тау-кен немесе құрылыс жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендердің екеуі жарақат бөліміне жатқызылды. Біреуі үйіне жіберілді. Ал екіншісінің жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.
Еске салсақ, бұған дейін Ұлытау облысындағы “Қазақмыс” корпорациясына тиесілі кеніште апат болып, 7 кенші қаза тапқаны туралы жазған едік. Ұлытау облысында Жаңаарқа ауданында "Қазақмыс Корпорациясы" ЖШС-ның Жомарт кеніндегі үйінді астынан жеті қызметкердің де денесі табылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау облысында кеншілердің қаза табуына байланысты көңіл айтты.