Halyk Bank клиенттері Onlinebank-та салық режимін өзгерте алады
Halyk Bank жеке кәсіпкерлерге онлайн форматта салық салу режимін өзгертуге мүмкіндік беретін Onlinebank мобильді қосымшасында жаңа функционалдың іске қосылғаны туралы хабарлады.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енді. Ол салық салудың бір жалпыға бірдей белгіленген тәртібін және үш арнайы салық режимін (АСР) көздейді. Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) сервистерімен біріктірілген жаңартулар салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге және салық салу жүйесінің ашықтығын арттыруға бағытталған.
Жаңа Салық кодексінде келесі арнайы салық режимдері қарастырылған:
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін АСР;
Жеңілдетілген декларация негізіндегі АСР;
Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін АСР.
Жаңа талаптар шеңберінде жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режиміне көшуді жоспарлап отырған жеке кәсіпкерлер қолданылатын салық салу режимі туралы хабарламаны 2026 жылғы 1 наурызға дейін беруі тиіс. Хабарлама берілмеген жағдайда салық төлеуші автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне ауыстырылады.
Енді Onlinebank мобильді қосымшасындағы "Салықтар" – "Режимді өзгерту" бөлімінде бірнеше рет басу арқылы тиісті хабарламаны жіберуге болады. Нысанды толтыру кезінде пайдаланушы жаңа салық салу режимін таңдап, дара кәсіпкердің тіркелген жері бойынша тиісті мемлекеттік кірістер басқармасын (МКБ) көрсетуі қажет.
2026 жылы цифрлық сервистермен қатар, Halyk Bank тұтынушыларға арналған ақпараттық қолдауды да күшейтеді. Сарапшы Дмитрий Казанцевтің командасымен бірлесіп, "Қарапайым тілдегі салықтар: Салықтар 2026" жобасы аясында Салық кодексіндегі өзгерістерге арналған тегін вебинарлар мен консультациялар сериясы жоспарланған. Онлайн-кездесулер барысында кәсіпкерлер мен жеке тұлғалар салық режимін таңдау және жаңа нормаларды іс жүзінде қолдану бойынша түсіндірмелер ала алады.
Halyk Bank клиенттердің мемлекеттік және қаржылық қызметтерге қол жеткізуін жеңілдету, сондай-ақ кәсіпкерлерге салық міндеттемелерін уақтылы орындауға көмектесу мақсатында цифрлық сервистерді дамытуды жалғастыруда.