Президенттің реформалары азаматтардың бойында ертеңгі күнге деген сенімді қалыптастыруда – Ерлан Қошанов

Қазақстанда әлеуметтік және тұрмыстық мәселелердің дәйекті түрде шешілуінің арқасында қоғамдық сұраныс өзгеріп келеді. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы, “Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!” жалпыұлттық коалициясының жетекшісі Ерлан Қошанов “Егемен Қазақстан” газетіне берген сұхбатында айтты.
“Бүгінде азаматтар тұрмыстық мәселелерді ғана көтеріп қоймай, мемлекеттің дамуы, қоғам бірлігі, Қазақстанның болашағы сынды кең ауқымды, жалпыұлттық мәселелерді жиі қозғайды. Алты-жеті жыл бұрынғы ахуалды еске алсақ, ол кезде азаматтар көбіне тұрмыс-тіршілікке қатысты проблемаларды айтатын еді. Бұл – ауыз су, жолдардың жағдайы, жұмыссыздық, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері. Сол тұста азаматтар тарапынан көтерілген мәселелердің басым көбісі бүгінде кезең-кезеңімен шешіліп жатыр”, – деп атап өтті Ерлан Қошанов.
Оның айтуынша, осы бағыттағы маңызды нәтижелердің бірі өңірлерді сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз ету міндетінің жүзеге асырылуы болды. Биыл қаңтарда Үкімет бұл тапсырманың орындалғаны туралы есеп берді. Бүгінде 90 қала мен алты мыңнан астам ауылдық елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілді.
Бұл ретте Мәжіліс спикері кеңес дәуірінде де, Тәуелсіздік жылдарында оң шешімін таппаған Маңғыстаудағы ауыз су мәселесі түбегейлі шешілгенін мысалға келтірді. Бұдан бөлек, облыста жылу мен электр энергиясына қатысты мәселелер де толық шешімін тауып, инфрақұрылым желілері жаңғыртылып жатыр.
“Айта кету қажет, Тәуелсіздіктің алғашқы 30 жылында біз әр облыс орталығында кем дегенде бір үлгілі мектеп салуға ұмтылсақ, кейінгі бес жылда 217 келешек мектебі салынды. Тіпті олар шалғай ауылдарда да бой көтерді. Маңғыстаулықтар мемлекеттің мұндай қамқорлығын жоғары бағалап, Президенттің өңірге айрықша назар аударғанына ризашылық білдіруде”, – деп атап өтті Ерлан Қошанов.
Оның айтуынша, басқа өңірлерде де атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Мәселен, Павлодар облысында кәсіпкерлік саласы, жаңа өндіріс орындары және IT секторы қарқынды дамып келеді. Алдағы уақытта осы облыс еліміздің төртінші донор аймағына айналуы әбден мүмкін.
Мәжіліс спикері әлеуметтік мәселелер иерархиясы да өзгеріп келе жатқанына да назар аударды. Баға өсімі, инфляция, монополистердің әрекеті және өзге де экономикалық проблемалар азаматтар үшін әлі де өзекті болып отыр, алайда осы бағыттар бойынша да жүйелі әрі кешенді шаралар қабылданып, заңнама жетілдіріліп жатқанын атап өткен жөн. Ерлан Қошанов мемлекеттік саясаттың осындай нақты нәтижелері қоғамдық сананың өзгеруіне әсер етіп, азаматтардың бойында ертеңгі күнге деген сенімді қалыптастырып жатқанын атап өтті.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бір киіз үйді 13,5 миллион теңгеге сатып алған