Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Халық ашынып бітті": Алматы облысының тұрғындары "Нарынқол – Кеген – Алматы" тасжолының шұрық-тесік екенін айтып шағымданды

Нарынқолдың шұрық тесік жолыФото: Stan.kz / ЖИ көмегімен жасалған

Желіде Нұрдос Аманжол Алматы облысының тұрғындары "Нарынқол – Кеген – Алматы" жолы нашар, шұрық-тесік деп шағымданған видеоны жүктеді. Ауыл азаматтары "ҚазАвтожол" компаниясының басшылығына наразылығын білдіріп, жөндеуге бөлінген 8 миллиард теңге қайда кеткенін сұрады. Сонымен қатар олар біразға созылған жұмысты ертерек бастауды талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тұрғындардың айтуынша, мердігер ұйым уәде еткен мерзімнен кешігіп жатыр. 5 мамырда бастаймыз дегенімен, әлі күнге дейін нақты жұмыс басталмаған дейді олар.

“Қараңызшы, мына жерде бәріміз қалың киім киіп тұрмыз, ал сіздер жеңіл футболкамен келіпсіздер. Содан кейін қалай "ыстық асфальт төсейміз" деп айтасыздар? 5 мамырда бастаймыз дедіңіздер, міне, одан бері біраз уақыт өтті. Әр жиында әртүрлі адам келеді, бірде орынбасары, бірде басшысы. Бүгін келдіңіз бе, келесі жолы келмейсіз. Мұны сенімді түрде айта аламын. Мысалы, дәл қазір Өмірбек деген басшысы келіп тұр. Өзі дірілдеп тұр. Ең болмағанда, ҚазАвтожолмен байланысы бар деген бір анықтама қағазыңыз бар ма? Сіздерде орынбасарлар таусылмайды. Халық ашынып бітті. Қариялар жолдың нашарлығынан ұзақ сапарға шыға алмай отыр. Шықса, жүрегі ұстап қалар ма екен деп қорқады", – деді ауыл тұрғыны.

Тұрғындар жол мәселесіне салғырт қараған жауаптыларды сынап, "өз үлесін алып, жұмысты қосалқы мердігерге беріп қояды" деп наразылық білдірді.

"Өздеріңіз үкіметтің көлігін мініп, жайлы Jeep-пен жүресіздер, жолдың жағдайына сезбейсіздер. Бір рет болсын мына апамызды Mazda-мен қалаға апарып көріңіздерші. Ауырмаған жері қалмайды, сай-сүйегі сырқырап кетеді. Ақша бөлінді ғой, дұрыс па? Сонда патриот болу керек емес пе? Әрқайсыңыз "ұтып алдым, өз үлесімді алдым, ары қарай қосалқы мердігерге бердім" дейсіздер. Ақша жетпеген соң, амалсыз асфальт зауытын салып жатыр. Құжат бойынша тіпті асфальтті Алматыдан тасиды деп көрсетілген. Тоннасына 21 мың теңгеден қаражат бөлініпті. Енді бәрі бөлінген болса, жұмыс қашан басталады?" – деп шүйлікті ауыл тұрғыны.

Бұған қатысты "ҚазАвтожол" компаниясы Алматы облысында республикалық маңызы бар "Кеген – Нарынқол" автожолының 0-74 шақырым аралығындағы учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр деп жауап берді.

"2025 жылдың көктемінде жүргізілген конкурстық рәсімдердің нәтижесінде аталған жұмыстарды орындау үшін мердігер анықталған еді. Жобаны жүзеге асыру 2025-2026 жылдарға жоспарланған. Қазір мердігер жол-құрылыс жұмысына дайындық жүргізіп жатыр. Нысанға 30-дан астам арнайы жол-құрылыс техникасы мен 45 жұмысшы жұмылдырылды. Мердігер тарапынан ұсату-құмдау қондырғысы іске қосылды. Сағатына 160 тонна өнім шығаратын асфальтбетон зауытының монтаждауы аяқталуға жақын. Асфальтбетон зауытының іске қосу жұмыстарын 2025 жылғы 20 шілдеге дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ қосымша ұсату-құмдау жабдықтарын орнату жұмысы жүргізіліп жатыр. Жақын арада тағы екі ұсату-құмдау қондырғысын жұмылдыру жоспарланып отыр", – деп пікір білдірді "ҚазАвтожол".

Компанияның айтуынша, өңірдің күрделі климаттық жағдайларын және жауын-шашынның жиі түсу ықтималдығын ескере отырып, асфальтбетон зауыты пайдалануға берілгенге дейін жол жамылғысын ашу жұмыстарын бастамау туралы шешім қабылданған.

"Бұл жер төсемінің ылғалдануын болдырмауға және жұмыстың одан әрі орындалуына кедергі келтірмеуге бағытталған. Бүгінде мердігер жолды уақытша ұстау бойынша жұмыстарды жүргізіп жатыр. Соның ішінде шұңқырларды суық асфальтпен жабу және жол бойындағы қоймаларда қажет материалдарды дайындау болып отыр", – деді "ҚазАвтожол" компаниясы.

@nurdos_amanzhol Нарынқол-Кеген жолы шұрық тесік әлі жасалмаған! 8 МЛРД теңге бөлінген қаржы жоқ#нарынқол #кеген #нарынқолкегенжолжабылды #нарынкол #райымбекауданы #кегенауданы #алматыоблысы #албандар🇰🇿 ♬ оригинальный звук - Нұрдос Аманжол
Айым Атамбаева
Сейсенбі, 15 Шілде, 2025 16:53
Талқылау