Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Халықтық коалиция Қазақстан президенттігіне Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды: Мемлекет басшысы ұсынысты қабылдады

Халықтық коалиция Қазақстан президенттігіне қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидаттығын ұсынды. Тоқаев бұл ұсынысты қабыл алды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Біз жаңа саяси дәуірге қадам бастық. 20 қарашада кезектен тыс Президент сайлауы өтеді. Бұл – болашақ даму бағдарымызды айқындайтын аса маңызды науқан. Түрлі қоғамдық ұйымдары маған өздерінің атынан сайлауға түсу туралы ұсыныс білдірді.

Мен бұған дейін Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермей, саяси тұрғыдан бейтарап болу қажеттігін айттым. Осы ұстанымым өзгермейді. Баршаңыз ұсынған ортақ кандидат ретінде президент сайлауына түсу – мен үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік.

Маған сенім артқандарыңыз үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін", - деді Тоқаев бейсенбі күні коалициялық форумда сөйлеген сөзінде.

Ол қаңтар айында "Қазақстан халқына" қоры құрылып, мұқтаж жандарға нақты көмек көрсетумен айналысып жатқанын еске алды.

"Билік пен қоғамның диалогын нығайту үшін ата дәстүрімен Ұлттық құрылтай шақырылды. Оның жұмысына түрлі сала өкілдері белсене қатысты.

Әлемді жайлаған коронавирус індетіне бірге қарсы тұрдық. "Қасіретті қаңтар" кезіндегі зор сынақты тұтас ел болып еңсердік.



Биыл Конституцияға өте маңызды өзгерістер енгіздік. Еліміз үшін жарқын келешекке жол аштық. Яғни, қысқа уақытта орасан зор жұмысты бірге атқардық деп сеніммен айтуға болады.

Бірақ, әлі де ауқымды жұмыс атқаруымыз керек, бағындыратын белестеріміз – алда. Қандай қиын болса да, бәріміз бірге оны міндетті түрде абыроймен атқарамыз. Ортақ мақсатқа жетеміз!", - деп жалғады мемлекет басшысы.

Тоқаев атап өткендей, реформалардың басты мақсаты – әділетті Қазақстан құру.

"Тағы бір бастама – Президенттің өкілеттігін 7 жылдық бір мерзіммен шектеу. Мен осы шешім туралы көп ойландым. Бір адамның ұзақ уақыт билікте болуы дұрыс емес тұжырымға келдім.

Мемлекеттің тірегі – жалғыз Президент емес, бүкіл халық. Сондықтан ел басқаруға жаңа буын өкілдерінің келуі өте маңызды.

Біз ұлт мүддесін қорғайтын және халыққа адал қызмет ететін азаматтарға жол ашуымыз керек. Нағыз мемлекетшіл, отаншыл, білікті тұлғалар жұртты жасампаз істерге жұмылдырып, Қазақстанды өркендете алады. Осы ұстаным мызғымас қағидатымыз болуға тиіс", - деді президент.

Тоқаев алдағы сайлауға Халықтық коалицияның атынан қатысуға келісімін берді.

Талқылау