Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Халықаралық Олимпиада комитеті трансгендерлердің әйелдер арасындағы жарыстарға қатысуына тыйым салды

Халықаралық Олимпиада комитеті трансгендерлердің әйелдер арасындағы жарыстарға қатысуына тыйым салдыФото: Getty Images/Халықаралық Олимпиада комитеті

Халықаралық Олимпиада комитеті “Олимпиадалық спорттағы әйелдер санатын қорғау бойынша жаңа саясат” аясында трансгендер спортшылардың әйелдер жарыстарына қатысуына тыйым салды. Комитет адамның биологиялық жынысын SRY геніне жасалатын бір реттік тест арқылы анықтайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Жаңа ережелер 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиададан бастап күшіне енеді.

“Халықаралық Олимпиада комитеті ұйымдастырған Олимпиада ойындары мен басқа да жарыстарда, жеке және командалық спорт түрлерін қоса алғанда, әйелдер санатындағы шараларға енді тек табиғатынан әйел болып жаратылғандар ғана қатыса алады. Биологиялық жыныс SRY (Sex-determining Region Y) геніне бір рет жасалатын тест арқылы анықталады”, – деп хабарлады Халықаралық Олимпиада комитеті.

Комитет ғылыми зерттеулерге сүйене отырып, қорытындыда SRY генінің болуы спортшының еркек жыныстық дамудан өткенін дәлелдейді деп есептейді. Бұл генге тестілеу басқа әдістермен салыстырғанда инвазивті емес әдістер, яғни сілекей немесе қан үлгісі арқылы жүргізілуі мүмкін екенін атап өтті комитет.

Егер тест нәтижесі теріс болса, спортшы әйелдер жарысына қатысуға өмір бойына құқық алады. Тестті қайта жасаудың қажеті жоқ. Тек қате нәтиже болуы мүмкін деген күдік туындаған жағдайда ғана тест жүргізіледі.

ХОК кейде ерекше жағдайларға рұқсат береді. Мысалы, спортшының ағзасы еркек гормондарына (андрогендерге) мүлде сезімтал болмаса, оған бұл ереже қолданылмайды.

Оң нәтиже көрсеткен спортшылар басқа санаттарға қатыса алады:

  • Ерлер арасындағы жарыс;
  • Аралас (бірақ олар тек ерлер ретінде жарысқа шыға алады) жарыс;
  • Спортшыларды жынысына қарай жіктемейтін категориялар.

Жаңа ережелер 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада кезінде күшіне енеді. Жаңашылдық көңіл көтеру және бұқаралық іс-шараларға қолданылмайды.

АҚШ-та 2025 жылдың ақпанынан бері трансгендер спортшыларға жарыстарға қатысуға тыйым салынған. Бұл – Дональд Трамптың алғашқы жарлықтарының бірі болды, ол ХОК деңгейінде де осындай тыйым қоюға әрекет ететінін уәде еткен еді.

Комитет ішіндегі арнайы жұмыс тобы ғылыми зерттеулерді зерттеп, бір ауыздан “Күш, қуат немесе төзімділікті қажет ететін барлық жарыстар мен іс-шараларда еркек жынысы артықшылыққа ие” деген қорытындыға келді.

Сонымен қатар шешім қабылдау кезінде онлайн және кеңейтілген интервью форматында топ спортшылардың өздерінен сұхбат алған. Енді жаңа ережелерді жеке спорт федерациялары мен ұлттық олимпиада комитеттері қабылдауға тиіс.

2024 жылы Парижде өтетін Олимпиадаға дейін бірнеше федерациялар, соның ішінде жеңіл атлетика, жүзу және велоспорт, еркек жыныстық дамудан өткен трансгендер спортшылардың әйелдер санатында қатысуына тыйым салған еді.

Айым Болатқызы
Жұма, 27 Наурыз, 2026 10:30