Халықаралық іздеуде жүрген алаяқ Чехиядан Қазақстанға экстрадицияланды
Аса ірі алаяқтық жасады деген күдікті Чехиядан Қазақстанға экстрадицияланды. Ол жәбірленушіні алдап, 19 миллион теңгесін жымқырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото Бас прокуратурадан
Деректерге сай, ол 2021 жылдың көктемінде халық тұтынатын тауарларды Қазақстаннан Ресейге тасымалдау қызметін ұсынған. Кейін жәбірленушінің 19 миллион теңгеге жуық тауарын иемденіп, оны басқа тұлғаларға сатып, ақшасын жымқырған деген күдікке ілінген.
“Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері ҚР Сыртқы істер министрлігінің көмегімен күдікті "Ж"-ны аса ірікөлемде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Чехиядан экстрадициялады. Қылмыс жасағаннан кейін күдіктінің жасырынуына байланысты оған халықаралық іздеу жарияланды”,- делінген хабарламада.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Оған қылмыс жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.