Халықаралық агенттік Home Credit Bank рейтингін "BB" деңгейінде растады
Fitch Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі Home Credit Bank эмитентінің шетел және ұлттық валютадағы ұзақ мерзімді дефолт рейтингін "BB" деңгейінде растады. Болжам "Тұрақты" деп танылды.
Агенттік банктің қолайлы капитализациясы мен жоғары кірісі Қазақстандағы ұқсас эмитенттерге қарағанда әлсіздеу қорландыру профилін теңестіреді деп есептейді. Сонымен қатар салыстырмалы түрде шектеулі ауқымы мен бөлшек кредиттеуге маманданған қызметін атап көрсетті.
Fitch Home Credit Bank-тің бизнесті әртараптандыруға бағытталған қадамдарын оң бағалады. Агенттік банктің болашақта сала бизнес-моделінен біртіндеп алыстайтынын атап өтті. Бұған 2025 жылы кепілді бөлшек кредиттеу мен шағын және орта бизнесті қаржыландыру сегменттеріне кіруі ықпал етпек. 2023 жылдың ортасынан бастап Home Credit Bank шағын және орта бизнеске арналған HCB Business цифрлық қызметін дамытып келеді. Бұл клиент базасын кеңейтіп, жаңа бағытты ілгерілетуге мүмкіндік берді.
Home Credit Bank басқарма төрағасы Кирил Бачваровтың айтуынша, 2024 жылы банк қарқынды түрде дамуын жалғастырып, көптеген көрсеткіштер бойынша нарықтағы өсім қарқынынан озық болған
"Бір жыл ішінде активтер 233 миллиард теңгеге артып, жылдың қорытындысы бойынша 1 триллион теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш банкке активтер көлемі бойынша 12-орынға көтерілуге мүмкіндік берді. Несиелік портфель 26%-ға өсіп, 770 миллиард теңгеден асты. Клиенттердің салымдары 157,6 миллиард теңгеге ұлғайып, өткен жылдың қорытындысы бойынша 520 миллиард теңге болды. 2024 жыл банк үшін рекордтық жыл болды. Таза пайда 35 миллиард теңгеге жетті. Өткен жылдың көрсеткіштері – 2022 жылы қабылданған жаңа стратегия мен жүргізілген трансформацияның нәтижесі. Біз дұрыс таңдау жасағанымызды көріп отырмыз. Сала моделінен бас тартып, клиент пен оның ыңғайын басты назарға қойдық. Оған қолайлы төлем, кредит және жинақ қызметтерін ұсындық. Мұны біздің клиенттеріміз бағалады. Біз қазақстандықтарға күнделікті қаржылық мәселелерін тиімді шешуге көмектесетін қызметтер мен өнімдер ұсынуды жалғастырамыз", – деп атап өтті Кирил Бачваров.
Банк клиенттерге қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін цифрлық арналарды белсенді түрде дамытып жатқанын алға тартты. Былтыр банк Home.kz жаңа қосымшасын іске қосты. Оны миллионнан астам клиент жүктеген.
Сондай-ақ банк заңды тұлғаларға арналған HCB Business қосымшасын одан әрі дамытып жатыр. Бұдан бөлек өткен жылы банк елдің түрлі қалаларында қосымша қызмет көрсету нүктелерін ашып, клиенттерге өздеріне ыңғайлы жерде қызмет алу мүмкіндігін ұсынды.
Home Credit Bank – халықаралық инвестициялық PPF Group N.V. тобына тиесілі PPF Financial Holdings құрамына кіреді. Бұл топ Еуропа, Солтүстік Америка және Азияның 25 елінде жұмыс істеп, телекоммуникация, медиа, қаржылық қызметтер, электронды коммерция, жылжымайтын мүлік, машина жасау және биотехнология салаларын қамтиды.
Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі берген 17.08.2022 жылғы №1.2.36/40 лицензия.