Ғұсман Қырғызбаев дзюдодан әлем чемпионатына қатысады
Фото: olympic.kz
Дзюдодан әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасы анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2025 жылғы әлем чемпионаты Венгрия астанасы Будапешт қаласында өтеді. Аталған жарыс 13-20 маусым аралығына жоспарланған. Байрақты бәсекеге әлемнің 92 елінен 566 спортшы бақ сынамақ. 14 салмақта белдесетін балуандар 196 медальдар жиынтығын сарапқа салады.
Қазақстан құрамасы бұл жарысқа 12 спортшыны қатыстырмақ. Оның 9-ы ерлер арасында сынға түссе, 3 дзюдо шебері қыздар арасында бәсекеге түспек.
Будапештте әйелдер арасында 48 келі салмақта Әбиба Әбужақынова мен Ғалия Тынбаева жарысқа қатысады. Және 63 келіде Эсмигүл Куюлова ел намысын қорғайды.
Ерлер арасында әлем чемпионатына баратын құрамда 2024 жылғы Париж олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев бар. Айта кетейік, отандасымыз осыдан төрт жыл бұрын дәл осы Будапештте өткен әлем чемпионатында 60 келі салмақта күміс жүлдені еншілеген еді. Қазақстандық спортшы финалда ресейлік Яго Абуладзеден ұтылған еді. Бұл жолы Қырғызбаев 66 келіде сынға түседі.
Ендеше әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан ерлер құрамасының тізімі төмендегідей:
60 келі: Мағжан Шамшадин, Шерзод Давлатов
73 келі: Есет Қуанов
81 келі: Абылайхан Жұбаназар
90 келі: Мейірлан Максим
100 келі: Нүрлыхан Шархан, Марат Байқамұров
100 келіден жоғары: Ерасыл Қажыбаев.

Биыл қай салаға қанша грант бөлінді: Қазақстанда сұранысқа ие мамандықтар аталды
