"Гүлмира Сатыбалды экс-президентпен туыстық қатынасы бар екенін көрсеткісі келді: Жарыссөзде жәбірленушінің адвокаты сөйледі
Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сотта жарыссөз айыпталушының қатысуынсыз өтіп жатыр. Сот процесі аяқталуға жақын. Жарыссөзде жәбірленуші тараптың адвокаты Рашид Теңізбаев сөйледі. Ол Гүлмира Сатыбалдыны Абай Жүнісовке қысым көрсетті деп мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады.
Фото: Stan.kz
Адвокат Рашид Теңізбаевтың айтуынша, Гүлмира Сатыбалды бір мақсатты – Абай Жүнісовке, ағайынды Алтай мен Қасымға, "BAUR Kazakhstan" тобының басқа топ-менеджерлеріне, оның ішінде қатардағы қызметкерлерге Қайрат Сатыбалды, тиісінше, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевпен туыстық байланысы бар екенін көрсетуді көздеді.
“Гүлмира Сатыбалды жәбірленуші тарап бұл қылмыстық істі саясиландырып жатыр деп отыр. Дегенмен мұндай саясиландыруды ол өзі бастады. Қылмыстық іс материалдары мен айғақтар Гүлмира Сатыбалды мен оның жүргізушісі Мәди Батыршаев Абай Жүнісовтің жеке өміріне заңсыз, ешқандай моральдық құқықты сақтамай араласқанын дәлелдейді. Заңсыз қауіпсіздік жасап, телефонын алып қойып, оны Қайрат Сатыбалдыға алып барып, оған әбден психологиялық қысым көрсету үшін әдейі ұйымдастырды", – деді Рашид Теңізбаев.
Бұған дәлел ретінде адвокат Абай Жүнісовтің Қайрат Сатыбалдымен еркінен тыс кездескенін айтты.
“Гүлмира Сатыбалды Жүнісов жалпы кәсіптен ақша ұрлады деп шынымен күдіктенсе, аудит ұйымдастырып, жалпы шығын көлемін анықтауы керек еді. Бірақ оның орнына ол Жүнісовті Қайрат Сатыбалдымен кездестірді. Ал Абай Жүнісовтің айтуынша, Қайрат Сатыбалды "Ісім сенімен болады әлі” деген. Ал ұрлық фактісі анықталмаған, тексеру заңсыз жүргізілген. Абай Жүнісовтің бұл бөлімдегі айғақтары толығымен шындыққа сай және нақты деректермен дәл келеді. Бірақ бұдан кейін де Гүлмира Сатыбалды оны Қайрат Сатыбалдымен тағы кездестірген", – деді жәбірленушінің адвокаты.
Айта кетейік, бүгінгі сот отырысына Гүлмира Сатыбалды қатысып жатқан жоқ. Ол денсаулығына байланысты камерадан шығудан бас тартқан.
Өткен жолғы сот отырысында прокурор айыпталушыны 13 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады. Сонымен қатар жәбірленушілер Гүлмира Сатыбалды мен Мәди Батыршаевтан 11 миллиард теңгеден астам соманы өндіруді талап етті.
Еске салайық, бұл сот процесінде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша құқық бұзушылық жасады деген айып тағылып отыр. Сот процесі 3 маусымда басталды және әлі жалғасып жатыр.
Гүлмира Сатыбалдыға қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу), 194-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы (зорлық-зомбылық қолдану қаупімен аса ірі мөлшерде бопсалау) бойынша айып тағылған. Ал оның қол астында жұмыс істеген Мәди Батыршаев Қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу) айыпталып отыр.