Грузияда наразылыққа шыққандар парламентті өртеп жіберді
Грузия парламентінің ғимаратында өрт шықты. Өрттің шығуына ғимарат терезесіне ұшып кеткен петарданың жарылуы себеп болуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Day.az
Өрттен зардап шеккендердің бар-жоғы әзірге белгісіз.
Грузия ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі наразылық білдірушілер парламент ғимаратының қасбетіндегі 10 шақты терезені сындырғанын хабарлады. Демонстранттар өртегеннен бөлек ғимараттың темір қоршауларын сындыру үшін таст пен басқа да заттарды лақтырған.
Грузияның қазіргі президенті Саломе Зурабишвили мерзімі біткеніне қарамастан, өз өкілеттігінен бас тартқысы келмейтінін мәлімдеді. Президент қазіргі парламентті "заңсыз" деп санайды және наразы халықты қолдап отыр.
"Мен сіздің президентіңіз болып қала беремін, сәйкесінше, заңсыз парламент жаңа президентті сайлай алмайды", – деді Зурабишвили.
Ол оның мандаты "заңды сайланған парламент" болғанша жалғасатынын айтты.
Сондай-ақ АҚШ мемлекеттік департаменті Грузиямен стратегиялық серіктестікті тоқтатқанын мәлімдеді. Олар жаңа биліктің демократияға қарсы әрекеттерін қолдамайды.
"Грузия арманының” демократияға қарсы әртүрлі әрекеттері ортақ құндылықтарға және демократияға, заң үстемдігіне, азаматтық қоғамға, адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды құрметтеуге негізделген АҚШ-Грузия стратегиялық серіктестігіміздің қағидаттарын бұзды. Сол үшін АҚШ серіктестікті тоқтатты", – делінген хабарламада.
Олар сондай-ақ Грузия үкіметін Еуроатлантикалық жолға оралуға, парламенттік сайлаудағы барлық заңбұзушылықтарды ашық тексеруге және сөз бостандығын шектейтін демократияға қарсы заңдарды жоюға шақырды.
Еске салсақ, Грузияның жаңа парламенті Еуроодаққа қосылу мәселесін кейінге қалдырды. Бұл грузиялықтардың ашуын туғызып, бірнеше күннен бері митинг жалғасып жатыр.