Грузияда бұрынғы футболшы президент атанды: Ол жалғыз кандидат болған
Бұрынғы футболшы, "Халық күші" партиясының мүшесі, 53 жастағы Михаил Кавелашвили Грузия президенті атанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Georgian Dream / Facebook
Оның кандидатурасын "Грузин арманы" билеуші партиясы ұсынған. Кавелашвили президент лауазымына жалғыз үміткер болды.
Грузияда президентті алғаш рет халық емес, құрамында 300 сайлаушы бар сайлау алқасы таңдады. Михаил Кавелашвили 224 дауыс жинаған. Жаңа президентті ұлықтау рәсімі 29 желтоқсанда өтеді. Ол 5 жыл мерзімге сайланады.
Айта кететіні, елдің қазіргі президенті Саломе Зурабишвили де, оппозия да сайлау нәтижелерін мойындаудан бас тартып отыр. 26 қазанда сайлау нәтижесін мойындамаған олар өз кандидаттарын ұсынбай, дауыс беруге қатыспаған. Оппозицияның пікірінше, парламенттің президент уәкілеттігін таңдауға құқығы жоқ.
“Саломе Зурабишвили Грузия президенті, Грузия қарулы күштерінің бас қолбасшысы және сыртқы қатынас бойынша елдің жоғарғы көшбасшысы болып қала береді. Туындаған күрделі саяси дағдарыстан шығудың жалғыз жолы – жаңа әрі әділ сайлау”, – деді “Қуатты Грузия” партиясының төрағасы Иракли” Купрадзе.