Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Грузия парламенті жаппай наразылыққа қарамастан "Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы" заң жобасын қабылдады

Грузия парламенті мыңдаған наразылыққа қарамастан "Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы" заң жобасын үшінші әрі соңғы оқылымда қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: BBC

Заң жобасын үшінші оқылымда 84 депутат қолдады. 30-ы қарсы дауыс берді.

Парламент ғимаратының алдына жиналған наразылар тобы заң жобасының қабылдануын ғимарат қабырғаларын соғу арқылы қарсы алды. Руставели даңғылындағы сахнадан оппозиция өкілі халықты митингіге шығуға шақырды.

“Қазір бізге керегі – жалпыға ортақ ереуіл. Адамдар, көшеге шығып, ереуілге қатысыңдар. Әйтпесе Ресейде оянамыз", – деді оппозиция өкілі.

Кейбір наразылық білдірушілер қоршаудың бірін бұзып, одан асып түсуге әрекеттенді. Алайда тәртіп сақшылары оларға қарсы төтеп берді. 

Заң жобасына сәйкес, жыл сайынғы табысының 20%-ынан астамын шетелден алатын үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ "шетелдік күштердің мүдделерін қолдайтын ұйымдар" ретінде тіркелуге тиіс.

Олар жыл сайынғы қаржы декларациясын толтыруы керек. Ал тіркелуден жалтарған немесе декларацияны ұсынбаған адамға 25 мың лари (шамамен 9,5 мың доллар) көлемінде айыппұл салынады.

Парламенттегі талқылау Тбилиси орталығында шерушілер мен полиция арасындағы қақтығыспен өтті. Парламент ғимараты сары деңгейге өтті.  Отырысқа тек телеарналардың түсірілім тобы жіберілсе, баспа және интернет БАҚ журналистері (олардың көбіне жаңа заң тікелей әсер етеді) отырысқа қатыса алмады.



Заң жобасын бірінші және екінші оқылымда қарау кезінде де дәл осындай нормалар күшінде болды.

14 мамырда наразылық білдірушілер Руставели даңғылындағы парламент ғимаратының жанына тағы жиналды. Наразылық акциясына белсене қатысып жатқан студенттер парламент ғимаратына шабуылдады. 

Фото: BBC

Кейбір мемлекеттік және жеке университеттердегі студенттік қозғалыстар дүйсенбіден бері заң жобасын кері қайтарып алуды талап етіп, дәрістерге қатысудан бас тартты. Кейбір профессорлар мен оқытушылар ұжымы студенттермен ынтымақтастығын білдірді.

Мұндай заңның қабылдануына наразылар сөз бостандығы мен азаматтық қоғамға ғана емес, жарты жыл бұрын ЕуроОдаққа кіруге үміткер мәртебесін алған Грузияның еуроинтеграциясына да қауіп төніп тұрғанын байқап отыр.

Кейінгі бір айдан бері жалғасып келе жатқан наразылық акциясының негізгі ұраны "Еуропаға – иә. Ресей заңына – жоқ" деп аталады.

Айта кетейік, бұған дейін Грузия парламенті 1 мамырда "Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы" заңға екінші оқылымда дауыс бергені туралы жазған едік. 30 сәуір күні заң жобасын талқылау парламент ғимараты алдында қақтығыстармен қатар жүрген. Сәрсенбі күні наразылық білдірушілер парламент ғимараты алдына тағы да жиналған еді. 

Заң жобасын 150 депутаттың 83-і жақтап, дауыс берді. Олар – билеуші ​​"Грузин арманы" партиясы мен олардың серігі "Халық күші" партиясының депутаттары. Бірінші оқылымда жобаға бірдей дауыс берілді.

23 депутат қарсы дауыс берді. Оппозицияның басым бөлігі қайтадан дауыс беруге қатыспады.

Дауыс беруден кейін Грузияның Ішкі істер министрлігі ведомство бөлімшелері депутаттардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, парламент маңындағы аумақты босатқанын мәлімдеген еді. 

Талқылау