Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Грек-рим күресінен әлем чемпионы Айдос Сұлтанғалиға пәтер және көлік сыйға берілді

чемпионФото: facebook.com/qyzylorda.press

Қызылордада грек-рим күресінен әлем чемпионы балуан Айдос Сұлтанғали мен оның бапкеріне құрмет көрсетілді.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев грек-рим күресінен әлем чемпионы Айдос Сұлтанғалимен және оның жеке бапкері Ғабиден Райымбекпен кездесті.

Әлем чемпионын жарқын жеңісімен құттықтау үшін басқосуға облыстың зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, спорт саласының ардагерлері, жаттықтырушылар мен жергілікті спортшылар қатысқан.

​Аймақ басшысы бұл жеңіс Сыр өңірінің ғана емес, қазақ елінің мәртебесін арттырғанын айтты.

​"Бүгін – біздің өңіріміз үшін ерекше қуанышты күн. Спорт әлеміндегі биік белесті бағындырып, Тәуелсіз Қазақстанымыздың атын төрткүл дүниеге танытқан жерлесіміз, мақтанышымыз Айдос Сұлтанғалиұлын грек-рим күресінен әлем чемпионы атануымен құттықтау үшін арнайы бас қостық.

Айдос Сұлтанғалиұлы жақында Хорватия астанасы Загреб қаласында өткен ересектер арасындағы грек-рим күресінен әлем чемпионатында араға 26 жыл салып, қазақ спорты тарихындағы теңдессіз жетістікке қол жеткізді. Осы тарихи жеңіс барша қазақ елінің, Сыр жұртшылығының мерейін үстем етті.

Чемпионымызды мемлекет басшымыз арнайы құттықтап "Айдос – грек-рим күресінен осы ғасырдағы тұңғыш жеңімпаз", - деп жоғары бағалады. Бұл жеңіс – жас балуандарымызға үлгі-өнеге, еліміздің спортына серпін беретін жоғары жетістік", - деді Нұрлыбек Нәлібаев.

чемпионФото: facebook.com/qyzylorda.press

Облыс әкімі Айдостың биік тұғырдан көрінуіне бапкері Ғабиден Райымбекұлының сіңірген еңбегі зор екенін атап өтті.

"Ол тек спортшыны емес, нағыз батыр азаматты тәрбиелеп шығарды. Шәкіртінің әрбір жеңісі бапкерінің маңдай терінің жемісі деп санаймыз. Қос батырымызға қандай құрмет көрсетсек те, лайықты. Біз батырымызды әрдайым бабында болуы үшін қолдап, қорғауымыз керек. Алдағы Олимпиада ойындарында жеңіс тұғырынан көрінуіне жан-жақты жағдай жасаймыз", – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Кездесу соңында облыс әкімі Сыр жұртшылығының атынан Айдос Сұлтанғалиға жаңа автокөлік пен пәтер кілттерін, сондай-ақ бапкеріне де пәтер кілтін табыс етті.

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 25 Қыркүйек, 2025 16:35
Талқылау