Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Гонконгте АҚШ-тың 80 жыл бұрын тастаған бомбасы үшін 6 000 адам шұғыл эвакуацияланды

Фото: Hong Kong Police handout, TVB

Гонконгте Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі бомбаға байланысты мыңдаған адам эвакуацияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Associated Press басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

20 қыркүйекке қараған түні Гонконгте мыңдаған адам үйінен эвакуацияланды. Оған мамандардың Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде шығарылған ірі америкалық бомбаны залалсыздандыруы себеп болды. Соғыс қаруы құрылыс алаңынан табылған.

Полиция мәліметінше, бомбаның ұзындығы 1,5 метр, салмағы шамамен 450 келі. Оны құрылысшылар Гонконг аралының батыс бөлігіндегі халық тығыз қоныстанған әрі іскерлік орталық саналатын Куорри-Бей ауданынан тапқан.

"Бұл нысанның Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі бомба екенін растадық", – деді полиция өкілі Энди Чан Тин-Чу. 

Оның айтуынша, бомбаны залалсыздандыру кезінде 1 900 үй, яғни  6000 адам шұғыл эвакуацияланды. Бомбаны залалсыздандыру операциясы 19 қыркүйек кешкісін басталып, сенбі күні шамамен сағат 11:30-ға дейін жалғасқан. Операция барысында ешкім зардап шеккен жоқ.

Гонконгте Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі бомбалар ара-тұра табылып тұрады. Соғыс кезінде қаланы жапон әскері басып алған. Жапония өз әскері мен флоты үшін база ретінде осы аймақты пайдаланған. АҚШ пен басқа одақтастар жапондардың жабдықтау желілері мен инфрақұрылымын бұзу үшін Гонконгке әуеден соққы жасаған.

Жұмаділлә Нұрила
Сенбі, 20 Қыркүйек, 2025 15:25
Талқылау