Гонконгтағы өрт: Қаза тапқандардың саны 44-ке жетті
Фото:x.com/hkfp
Гонконгтегі тұрғын үй кешенінде болған жойқын өрттің салдарынан кемінде 44 адам қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін тілсіз жаудан 36 адам ажал құшып, 279 адам із-түссіз жоғалғандардың қатарында еді. Билік мәліметінше, тағы 29 адам ауруханаға жеткізіліп, олардың жетеуінің жағдайы тым ауыр деп бағаланып отыр.
Сәрсенбі күні қаланың солтүстігіндегі Тай По ауданында болған өрт бамбуктан жасалған құрылыс сатыларын бойлап, таралып, бірнеше биік ғимараттарға көшкен еді.
“Wang Fuk Court тұрғын үй кешенінің сегіз корпусының кемінде бесеуін шарпыған”, – деп мәлімдеді өрт сөндіру қызметі.

Фото:x.com/hkfp/ hk01.com
Қаза тапқандардың арасында өрт сөндіруші де бар. Ол өртті сөндіру кезінде әріптестерімен уақытша байланысын үзіп алып, кейін денесін күйік шалған күйде табылды. Биліктегілер өрт қаупінің ең жоғарғы 5-деңгейін жариялады. Гонконгта мұндай санаттағы өрт соңғы рет 2008 жылы тіркелген.
“Жел мен жан-жаққа ұшқан сынықтардың әсерінен от өте жылдам таралған. Өрттің нақты себебі әзірге анықталған жоқ. Бұған дейін жергілікті тұрғындар жұмысшылардың жұмыс кезінде темекі шегетініне шағымданған”, – дейді Өрт сөндіру қызметі басшысының орынбасары.
Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, полиция абайсызда кісі өліміне әкелді деген күдікпен үш адамды ұстаған.
ҚХР төрағасы Си Цзиньпин қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, Гонконг билігін өртті сөндіру және залалды барынша азайту үшін барлық күш-жігерді жұмсауға шақырды.
“Не үшін тудық, не үшін бақтық?”: Ата-ананың балаға өзін асырау міндетін жүктеуі қазақстандықтар арасында қызу талқыланды