Головкиннің келесі қарсыласы – Крис Юбенк кім?
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин мен британиялық Крис Юбенктің командалары қыркүйек айында жекпе-жек өткізу жайлы келіссөздер жүргізіп жатыр. Қос боксшының промоутерлері таяу арада кездесудің қорытындысын жариялауға уәде етіп отыр.
Бұл туралы bnew.kz хабарлайды.
26 жастағы британиялық боксшы бүгінге дейін 24 жекпе-жек өткізіп, 23-інде жеңіске жеткен (18 КО). Бұл кездесулерінің барлығын ол өз елінде – Англияда өткізген, тек бір ғана қарсыласын Данияға өзі іздеп барған. Arena Nord кешенінде өткен жекпе-жекте Юбенк қарсыласы литвалық Тадос Джонкусты 3-раундта нокаутпен ұтқан. Бұдан шығатын қорытынды – Крис Юбенк тек өзін қолдайтын жанкүйерлерінің алдында ғана өнер көрсетіп үйренген. Головкин де оның осы әдетін білген болуы керек, кешегі жолы берген бір сұхбатында «Британияға шақырып отыр ма, ендеше, барайын» деген болатын.
Өткен жылдан бері әкелі-балалы Юбенктер бірігіп алып, Головкинге қатысты бөспе әңгімені жаудырды кеп. Мұны бокс сарапшылары Юбенктің ұпай жинау мақсатында жасап отырған әрекеті деп бағалады. Британия боксшысының тіліндегі «қотыр ауруы» биыл асқындай түсті. «Головкин, мені күт», «Белбеулеріңді тартып алуға келе жатырмын», «Теріңді тірідей сыпырамын» дегендей әңгімелері көбейді боксшының. Өткен жылы оның әкесі ақпарат құралдарына берген бір сұхбатында «Головкин – ұлы боксшы. Оның бойындағы қуаты сырт көзге ұрып тұрады. Мен ұлымның Головкиннен үлгі алғанын қалаймын. Ол – кез келген жанға үлгі болатын адам» деп басқаша сөйлеген еді. Өткен жылы отандасы Билли Джо Сондерстен жеңілген жанкүйерлерінің алдында беделін арттыруды көздеген болуы керек, енді аты әлемге мәшһүр қазақстандық боксшыны өз жарнамасына пайдалана бастады.
Головкинмен бүгінге дейін кездескен боксшылардан бір айырмашылығы – ауыр соққыны көтере алады және физикалық тұрғыдан өте мығым. Сол себепті сарапшылар Юбенк бұрыштан-бұрышқа қашып жүріп болса да бірнеше раунд қарсылық көрсете алуы мүмкін екенін айтады. Бұдан бөлек, ол рингте оңды-солды қозғалып, соққы дарытпайтын шеберлікке ие. Оған қоса, қарсыласына кенеше жабысып алып, соққы жасауға мұршасын келтірмейтін әдеті тағы бар. Реті келіп жатса, сериялы соққыларды да жасайды Мұны төменде ұсынылған видеодан көруге болады. Осы тұрғыдан алғанда, ол қарсыласын ұзақтан жүріп сабағанды жақсы көретін Головкинге ыңғайсыз қарсылас болғалы тұр.
Юбенктің әкесі өз дәуренінде аты дүрілдеп тұрған мықты боксшы болған. Оның негізгі жетістігі – 2010 жылы ең стильді спортшылардың Forbes тізіміне ілінген. Бұдан басқа да елеулі нәтижелерге қол жеткізген. Осының салдарынан кіші Юбенк әлі де әкесінің көлеңкесінде қалып келеді. Ал келесі жекпе-жегіне қарсылас ретінде Головкинді шақыруы – осы көлеңкеден шығудың жылдам жолы деп білсе керек. Алайда, Юбенктің бұл жолғы шешімі – оның бағы ма, әлде, соры ма?! Оны қыркүйектегі текетірестен кейін байқаймыз.