Ғылыми тәжірибе, қызық квест пен ұтыстар: PRO.NRG FEST 2026 биыл келушілеріне не дайындады

Фото: pronrg.kz
11 сәуірде Астанада Қазақстанның ең ірі ғылыми-білім беру фестивалінің бірі – PRO.NRG FEST 2026 өтеді. Фестиваль аясында 40-тан астам интерактивті аймақ құрылып, мыңдаған қатысушының басын қоспақ. Биылғы басты тақырып – "Жердегі ең басты ресурс – СУ". Ал шараның бас серіктесі – Сhevron компаниясы.
PRO.NRG FEST елдегі ғылымды насихаттайтын тұрақты платформаға айналған. Шара оқушылар, мұғалімдер, ата-аналар мен білім беру саласындағы сарапшылардың, бизнес өкілдерінің басын қосады. Ал ғалымдар келушілердің алдында ғылыми тәжірибелер жасап, күрделі болып көрінген терминдер мен тақырыптарды талқылайды, түсіндіреді.

Фестивальдегі сарапшылардың бірі – Құралай Жарқымбаева. Ол – балаларын жақсырақ түсінгісі келетін ата-аналарға арналған Bridges and Feelings платформасының тең құрылтайшыларының бірі, Community development және social and emotional learning салаларындағы пәнаралық маман.
"PRO.NRG FEST – баланың экожүйесін құратын блогтардың тоғысатын орны. Мектеп, отбасы, баланың достары мұнда серіктестік құрып, бірігіп жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Мен фестивальде "Балалардың құндылықтары, ой-өрісін не қалыптастырады?" деген сауалға жауап беремін. Сондай-ақ балаларымыздың мәдени ұстанымдары дұрыс құрылуын қалай басқару керегі жайлы да айтып беремін. PRO.NRG FEST – отбасылық мереке, ресмилік жоқ. Бір-бірімізге қорықпай, алдымен "адам" ретінде қарауға жол ашады. Адами жылулықты сақтай алатын орын деуге болады", – дейді Құралай Жарқымбаева.

Фото Құралай Жарқымбаеваның жеке мұрағатынан
Фестивальдің негізгі идеясы қарапайым: ғылым жалықтырмауы керек. Қазақстанда жастардың STEM бағыттарына қызығушылығы әлі қалыптасу үстінде. Мұндай формат ойын-сауық емес, қажеттілікке айналып отыр. Бала химиялық тәжірибені оқулықтан емес, тікелей көзімен көргенде ғана пәнге деген көзқарасы өзгереді. Ал мұғалім өзге әріптестерімен пікір алмасқанда, кәсіби тәсілі жаңарады дейді шара ұйымдастырушылары.
STEM-білім беру маманы, биологиялық ғылымдар магистрі және ғылымды насихаттаушы Айбибі Кален фестивальде жаһандық су мәселесін қозғамақ. Сондай-ақ ғылым мен инновациялар бұл мәселені қалай шеше алатынын қарапайым тілмен түсіндіреді.

Фото Айбибі Каленнің жеке мұрағатынан
"Бұл – экологиялық, әлеуметтік және экономикалық маңызы бар үлкен проблема. Сондықтан әлемдік су дағдарысы жайлы баяндама жасаймын. PRO.NRG FEST – отбасылық ғылыми шара. Мұнда балалар ғылыммен ерте жастан танысып, өз қызығушылықтарын анықтайды, ал ата-аналар баласының болашағына қатысты жаңа мүмкіндіктермен танысады. Сонымен қатар бұл фест – ата-аналарға балаларымен бірге сапалы уақыт өткізіп, бірге дамуға керемет мүмкіндік", – деді Айбибі Кален.
Маманның сөзінше, шараның басты ерекшелігі – ғылымды қолжетімді әрі қызық форматта ұсынуында. Оның үстіне қатысу тегін.
"Бүгінгі альфа-ұрпақта клиптік ойлау қалыптасқан – олар ұзақ әрі тек құр сөзге негізделген ақпаратты қабылдай алмайды. Оларға қысқа, визуалды, динамикалық формат қажет. Сол себепті PRO.NRG FEST сияқты фестивальдар өте маңызды. Мұнда ақпарат жарқын, интерактивті және жылдам форматта беріледі. Яғни, эксперименттер, ойын элементтері, квестер, интерактивті лекциялар арқылы балалар күрделі ғылыми ұғымдарды түсіне алады", – деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, фестиваль бағдарламасы бес тақырыптық бөлімнен тұрады, әрқайсысы өз аудиториясына арналған. Олар:
- "Ғылымпоп"
- "Ustaz"
- "Art & Science"
- "Су ырғақтары"
- Бесінші бөлім серіктестікке негізделген.
Сарапшы, молекулалық және жасушалық биолог Анель Умирбаева аталған іс-шарада ғылым мен өнер тоғысып, күрделі идеялар көркем форматта ұсынылатынын айтады.

Фото Анель Умирбаеваның жеке мұрағатынан
"Бұл фестиваль отбасы мен балаларға ғылымды, өнерді және технологияны бірге таныстырып, қызығушылықты ерте жастан қалыптастыра алуымен маңызды. Балалар үшін бұл – жаңа әлемдерді ашу, ал ата-аналар үшін бірге үйреніп, шабыт алу мүмкіндігі болмақ. Мен "Бір тамшыдағы ғалам: судың көрінбейтін әлемі және болашақ идеялары" тақырыбын қозғаймын. Дәрісте бір тамшы судағы микроәлемді, оның экожүйесін, сондай-ақ ғылым, синтетикалық биология және art&science арқылы суды қорғаудың жаңа тәсілдерін талқылаймын. Бұл жерде күрделі ғылыми идеялар түсіндіріліп қана қоймай, көркем форматта ұсынылады. Сондықтан ол балаларға да, ересектерге де түсінікті әрі әсерлі болады деп ойлаймын", – деді Анель Умирбаева.
PRO.NRG FEST 2026 аясында 8-11-сынып оқушыларына арналған "Ғылымдағы дебют" байқауы өтеді. Байқаудың тақырыбы – судың физикадағы, экологиядағы және сәулеттегі рөлі. Қатысушылар жұмыс істейтін макет немесе үлгі ұсынады, сондай-ақ TikTok пен Instagram үшін қысқа бейнероликтер түсіреді. Бұл тек байқау емес, бұрын ғылымды өзінен алыс санағандар үшін зерттеу жолындағы алғашқы қадам.

PRO.NRG FEST 2026 11 сәуірде Астанадағы AIFC EXPO алаңында өтеді. Бағдарлама, секциялар мен спикерлер тізімі ресми сайтта жарияланған. Оған кез келген адам қатыса алады. Тіркелу үшін арнайы форманы толтыру жеткілікті.