Гибрид көліктердің артықшылығы неде және олар Қазақстанда қаншалық тиімді?
Фото: Geely
Көлік – жыл бойы ауаға зиян қалдық шығаратын негізгі себептердің бірі. Сондықтан әлем елдері экологияға аз зиян келтіретін көлік түрлеріне көше бастады. Автонарықта да электромобильдер мен гибридтер, жаңа қуат көзінде жүретін көліктер көбейіп келеді. Алайда кей адамдар бірден электромобильге ауысуға дайын емес. Мұндай жағдайда ең тиімді нұсқа – гибрид. Бұл материалда Stan.kz ақпарат агенттігі гибридтің кәдімгі көліктен және электромобильден айырмашылығын түсіндіріп, оның қазақстандық жүргізушілер мен ел экологиясы үшін қандай пайдасы бар екенін айтып береді.
Гибрид деген қандай көлік?
Кәдімгі көлік тек жанармаймен жүрсе, электромобиль тек электр қуатымен қозғалады. Ал осы екеуін біріктірген нұсқа – гибрид.
Гибрид – жанармай арқылы да, электр қуаты арқылы да жүретін көлік түрі. Оның екі қозғалтқышы бар: бірі – іштен жанатын қозғалтқыш, екіншісі – электр моторы. Бұл қозғалтқыштар бірге әрі кезек-кезек те істей алады. Мысалы, адам көлікті баяу айдаса, электр моторы істейді. Ал көлік көбірек күшті қажет етсе, жанармай қозғалтқышы қосылады. Гибрид көліктің бірнеше түрі бар:
Микрогибрид жанармай арқылы жүретін кәдімгі көлік сияқты, бірақ оның қуат жинайтын шағын стартер-генераторы бар. Мәселен, адам кәдімгі көлікпен кептелісте немесе бағдаршамда тұрса, баяу айдаса, қуат сыртқа шығып, ауаға зиян зат ретінде тарап, босқа жұмсалып кетеді. Ал микрогибридтер мұндай сәтте көліктің қозғалтқышын өшіреді де, генераторы қуатты жібермей, электрге айналдырып, батареяны қуаттайды. Кейін көлік қозғалғанда бірден қозғалтқышты қосады. Осылай, микрогибридтер жанармайды үнемдеп, қоршаған ортаға зиян затты аз шығарады.
Жеңіл гибрид – жанармай арқылы жүретін кәдімгі көлік, бірақ ішінде кішкентай электр моторы мен аккумулятор бар. Мысалы, көлік қозғалғанда, өрге көтерілгенде, тауға шыққанда электр моторы қосылады да, жанармай қозғалтқышына көмектеседі. Нәтижесінде жеңіл гибрид иелері жанармай аз жұмсайды.
Фото: Geely
Толық гибрид – электр қуаты әрі жанармай арқылы қозғалатын көлік. Оның да бірнеше түрі: паралелль, кезекті және аралас. Параллель гибридте көлікті әрі электр моторы әрі жанармай қозғалтқышы арқылы қозғалады. Кезекті гибрид электр моторы арқылы жүреді, ал жанармай қозғалтқышы электр қуатын өндіреді. Аралас гибридте көлік кейде электрмен, кейде жанармаймен, ал кейде екеуінің көмегімен жүреді.
Тоқкөзіне қосылып қуатталатын гибрид (plug-in hybrid немесе PHEV). Мұндай көліктер толық гибридке (full hybrid) ұқсайды, бірақ оның электр моторы қуаттырақ, ал аккумуляторы көлемдірек. Яғни бұл көлікті тек қозғалтқыш арқылы емес, үйдегі тоқ көзі немесе жылдам қуаттайтын арнайы бекеттен де қуаттауға болады. Бұл гибридтерді бір қуаттаса, шамамен 100-200 шақырымға дейін жетеді.
Фото: EV Solutions
Гибрид көлік несімен ерекше?
Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, былтыр Қазақстанда 1,8 миллион көлік тіркелген. Оның ішінде 400 мыңнан астамы – гибридтер, 12,6 мыңы – электромобильдер. Ал басым бөлігі, яғни 4,4 миллионы – жанармай арқылы жүретін көліктер. Сарапшылар қазақстандықтардың көбі гибрид көлікке көшкені жөн дейді. Себебі оның бірнеше негізгі себебі бар.
Экологияға зияны аз
Almaty Air Initiative ұйымының негізін қалаған Жұлдыз Сәулебекованың айтуынша, қаладағы ауаның ластайтын фактордың бірі – көлік. Өйткені олардан шыққан түтін ауаға зиян қалдық бөледі. Қыста ауадағы шаң-тозаңның 20–40%-ы көліктен шығатын газдардан түзіледі. Сонымен қатар көліктің дөңгелегі асфальтқа үйкелгенде немесе көлік тоқтағанда ұсақ шаң бөлшектері ауаға тарайды. Мәселен, 2024 жылы бірде бір күн Алматыда ауа сапасы “адам денсаулығына қауіпсіз” деңгейде болмаған. Жыл бойы ауадағы азот тотығы мөлшері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған нормадан асып кеткен.
Фото: Shutterstock
“Бұл зиян заттың бәрі адам тыныстайтын деңгейге дейін көтеріліп, өкпеге түседі. Көліктің түтіні дәл адамның тыныс алатын деңгейінде жиналады. Сондықтан жол бойындағы ауа ең лас саналады. Көптеген мектеп, аурухана мен тұрғын үйлер, балалар алаңы ірі жолдың жанында орналасқан. Сол себепті көлік түтіні экология жағдайын нашарлатып қоймай, адамның денсаулығына тікелей зиян тигізеді. Бұл мәселені шешудің тиімді жолының бірі – жанармай аз қолданатын гибридтер”, – дейді Жұлдыз Сәулебекова.
Гибрид мінген жүргізуші кәдімгі көлік жүргізушісіне қарағанда жанармайды әлдеқайда аз жұмсайды. Жанармай, дизель аз қолданылса, ауаны ластайтын заттардың мөлшері азаяды. Бұдан ауа тазарып, экология жағдайы жақсарады әрі адамдардың денсаулығы мен әл-ауқаты да реттеледі. Бірақ Жұлдыз Сәулебова мұндай транспорттардың экологияға айтарлықтай ықпалын көру үшін тұрғындардың көбі осындай көлік түрлеріне көшкені абзал дейді.
Фото: Владимир Третьяков
Экономикалық тұрғыдан тиімді
Гибридтердің тағы бір артықшылығы – оның үнемді екені. Электр қуаты жанармайға, дизельге қарағанда әлдеқайда арзан, сондықтан мұндай көліктің шығыны да аз. Сонымен қатар, қазір көптеген елде, соның ішінде Қазақстанда электр қуаты арқылы жүретін, қоршаған ортаға зияны аз көлік айдайтындар салық төлегенде, көлікті сатып алу субсидиясын алғанда жеңілдіктерге ие болады, оларға тегін тұрақ беріледі.
Фото: Geely
Қала ішінде де, алыс жолда да қолайлы
Гибрид көлік тыныш әрі у-шу дыбыс шығармайды. Қалада гибрид көліктер электр қуаты арқылы қолданылса, ауа тазарып қана қоймай, адамды шаршататын қаланың ығы-жығы қарбаласы да бәсеңдейді. Ал алыс сапарға шыққанда электр қуатын да, жанармайды да қолдануға мүмкіндік бар. Бірі таусылса, бірден екіншісі қосылады. Демек алыс жолға шыққан адам көлігіне жанармай құю үшін немесе қуаттау үшін арнайы бекеттерді іздеп жүрмейді. Оған қоса көлігінің қуаты, жанармайы бітіп, танымайтын жерде жападан-жалғыз қалу қаупі азаяды.
Сонымен қатар, гибридтің электр моторында күрделі бөлшектер аз, сол себепті жиі жөндеуді қажет етпейді. Жақын маңнан электр қуатын беретін бекеттер таппағанның өзінде кәдімгі жанармай бекетіне аялдап, толтырып, сапарды еш алаңсыз жалғастыра алады.
Фото: Mega Center Management баспасөз қызметі
Ел инфрақұрылымын дамытады
Адамдар гибридтерді көптеп пайдаланса, қалалар мен өңірлерде оларды қуаттайтын арнайы бекеттер көбейеді. Қазірдің өзінде мұндай бекеттер саны артып жатыр. Нәтижесінде елде инфрақұрылым дамып, көлік айдайтындарға ыңғайлы болады әрі одар өзін қалада да, алыс сапардағы жолда да қауіпсіз, сенімді сезінеді.
Елдегі технология мен инновацияны дамытады
Гибридтерге сұраныс артқан сайын, автосалон иелері адамдар нақты оның өнімін сатып алуы үшін түрлі технология мүмкіндігіне ие, ерекше көліктер шығарады. Олар тез қуатталатын әрі қуаты ұзаққа жететін, жанармайды барынша аз қолданатын көліктерді ұсына бастайды. Автонарық қана емес, ел инновациясы мен технологиясы да дамиды. Ал технология дамыған сайын, адамдардың күнделікті өмірі жайлы болып, бір жерден екінші жерге қатынайды. Мысалы, қазірдің өзінде жаңа қуаты көзімен – сутекпен жүретін, күннен қуат алатын гибрид көліктер жасап шығарып жатыр.
Фото: Octa
Қорытындыласақ, гибрид көліктерге көшу – ұтымды әрі жауапты шешім. Мұндай көліктер жанармайды үнемдейді, ауада тарайтын зиян қалдықтарды азайтады және көлік жүргізуді жайлы етеді. Гибрид – бұл жай ғана заманауи технология емес, экология мен өмір сапасын жақсартуға бағытталған саналы таңдау.
Материал “Жаңа қуат” сериясы аясында әзірленді
#Жаңа қуат
#Новая Энергия

"Курьер болып күніне 100 мың теңгедей ақша табуға болады": Үш жыл Америкада тұрып жатқан қазақстандықтар елге неге қайтқысы келмейтінін айтты
