Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Германияда өлтірілген экс-судьяның анасы Тоқаевқа үндеу жолдап, күдіктілерді Қазақстанға экстрадициялауға көмектесуді сұрады

Коллаж Stan.kz

Германияда мәйіті табылған қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның анасы Шолпан Батқалова Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әйел қызын өлтіргендердің әлі күнге дейін бостандықта жүргенін айтады.

“Айгүл 2024 жылдың 4 маусымында өлтірілді. Оның денесі 13 күннен кейін ғана көлден табылды, мәйіттен 30-дан астам пышақ жарақаты анықталды. Германия полициясы дененің табылуынан екі сағат бұрын көлге әкелініп тасталғанын анықтады. Сондай-ақ тергеу барысында негізгі күдікті ретінде Айгүлдің енесі – Донцова Наталья танылды. Айгүл жоғалып кеткеннен кейін ол Германиядан шұғыл түрде кетіп қалған”, – дейді марқұмның анасы.

Әйелдің айтуынша, Айгүлдің күйеу Александр Донцов әйелінің жоғалғаны туралы полицияға хабарламаған, ал тергеушілер оның мәйітті басқа жерге апаруы мүмкін деп санайды. Сондай-ақ сыбайлас ретінде олардың туысы Владимир Василенконың да аты аталған.

“Біздің елде қылмыстық іс қозғалды. Алайда олар Ресей аумағында болғандықтан, тергеу әрекеттерін жүргізу мүмкін болмай отыр. Оларды Қазақстанға экстрадициялау қажет. Жуырда Донцовтардың Мәскеуде жүргені анықталды. Менің ойымша, кәмелетке толмаған немерем Жаклин анасын өлтірген адамдармен бірге тұрып жатыр. Құрметті президент Қасым-Жомарт Кемелұлы, Донцовтарды Қазақстанға экстрадициялау үшін Ресей тарапымен дипломатиялық келіссөздер жүргізуге жәрдем көрсетуіңізді сұраймын”, – дейді әйел. 

Айта кетейік, 2024 жылдың маусым айында қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның денесі Германияның Бенсхайм қаласының маңынан табылған еді. Судьяның денесі табылғанға дейін оның Германияда із-түссіз жоғалып кеткенін хабарланған. Ол Бенсхайм қаласында күйеуі, қызы және енесімен бірге тұрған. 4 маусым күні таңертең Сайлыбаева қызын балабақшаға алып кеткен. Содан кейін оны ешкім көрмеген.

16 маусым күні оның денесі қала шетіндегі Эрлаче карьерінен табылды. Мәйіт полиэтилен пакетте болған. Әйел өлтірілмес бұрын зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Кейін Сайлыбаеваның өлімін 35 тергеуші тексерді. Әйелдің үйіне тінту жүргізілді. Кейін оның енесі мен күйеуіне іздеу жарияланды.

2025 жылдың Айгүлдің туған ағасы Қанат Сайлыбаев күдіктілер Александр мен Наталья Донцовтардың Мәскеуде ұсталғанын хабарлады. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 19 Қаңтар, 2026 22:17