Германияда экс-судья Сайлыбаеваның өліміне күдіктілер әлі қамауға алынбаған

Фото: Әлеуметтік желіден
Германияда кісі қолынан қаза тапқан қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты іс бойынша күдіктілер әлі қамауға алынбаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Адвокат Жанна Оразбақова желідегі парақшасында іске қатысты жаңа ақпараттарды бөлісті. Оразбақованың сөзінше, Айгүл Сайлыбаева аса қатыгездікпен өлтірілген. Ол кезде аяғы ауыр болған.
"Айгүл аса қатыгездікпен өлтірілген. Оның денесі қылмыс орнынан көлге жеткізілген. Қайғылы сәтте Айгүл 24 апталық, яғни жүктіліктің шамамен жетінші айында болған. Айгүлдің күйеуі Александр Донцов әйелінің жоғалуына еш алаңдамаған, оны іздемеген, полицияға хабар бермеген. Денесі табылғаннан кейін сұмдық жайттар белгілі болды. Айгүл күйеуі мен енесінен тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп жүрген. Ол бірнеше рет құрбыларына денесіндегі жарақаттардың суреттерін жіберіп, шағымданған", – деп жазды Оразбақова.
Германия тарабының тергеу нұсқасы бойынша басты күдікті – Александрдың анасы Наталья Донцова. Ол Айгүл жоғалған түні Германиядан ұшып кеткен. Таксиді оған ұлы шақырып берген.
Арада бір жарым жыл өтсе де, неміс полициясы ешкімді қамауға алмаған. Наталья Донцова 5 маусым күні Германиядан кеткен, ал Айгүлдің күйеуі Александр қызымен бірге бірнеше айдан соң елден еркін шығып кетеді.
Мәйітке жүргізілген сараптамаға сәйкес, Айгүл Сайлыбаева біраз уақыт қан жоғалту салдарынан көз жұмған. Мәйітінен беті, мойны және денесінен пышақ сұғылған, кесілген жарақат табылған.
“Сот сараптамасы бойынша, қылмыс екі түрлі құралмен жасалған, өйткені өткір және доғал заттардың іздері бар. Бастың артқы жағына тиген соққы Айгүлдің есінен тануына себеп болған. Мұндай соққыны қолында пышақ ұстаған Донцова Н келтіре алмаған. Айгүлдің бетінде, мойнында және денесінде көптеген жаралар табылған. Қолдарында, саусақтарының арасында терең кесілген жаралар бар. Бұл оның белсенді түрде қорғанғанын көрсетеді. Өлім себебі – қан кету, ол бірден емес, біртіндеп болған. Қайтыс болған соң оның киімін ауыстырып тастаған. Себебі киімдегі кесік іздері денесіндегі жараларға сәйкес келмеген және қан да болмаған", – дейді адвокат.
Ал марқұмның туыстары өзенге мәйітті Наталья Донцованың жалғыз өзі тастағанына сенбейді.
Мәйітті Қазақстанға жөнелтумен айналысқан жерлеу қызметінен алынған фотода Айгүл Сайлыбаеваның шашы болмаған.
"Тінту барысында пәтер мен жертөледен Айгүлдің қан іздері табылған. Александр Донцовтың қан ізін көрмей қалуы мүмкін емес. Ал қызы баратын балабақша қызметкерлері Айгүлді соңғы рет 3 маусымда көрген. 4 маусымда Жаклинді балабақшаға әкесі алып барған", – дейді Оразбақова.
Қазір неміс полициясы ешқандай нақты әрекет жасамай отырған көрінеді. Донцовтар Ресейге көшіп, Айгүлдің қызы Жаклинге Ресей азаматтығын рәсімдеткен.
"Оның қартайған ата-анасы жалғыз, жүкті қызынан айырылды және немересін көре алмай отыр. Бұл қайғы олардың денсаулығына қатты әсер етті. Олар жалғыз тілектері – әділдік орнап, қыздарының өліміне кінәлілердің сот алдында жауап беруі. Айгүлдің ата-анасы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі неміс әріптестеріне нота жолдап, қылмыскерлерді іздестіруді талап етеді деп үміттенеді”, – дейді Оразбақова.
Еске салсақ, 2024 жылдың маусымында Германияда тұратын қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаева із-түссіз жоғалып кеткені хабарланды. Ол 4 маусым күні таңертең қызын балабақшаға алып кеткен, содан кейін одан еш хабар болмаған. Он күндей өткенде келіншектің денесі Германиядан пакетке оралған күйде табылғаны мәлім болды. Сайлыбаевамен бір уақытта оның 49 жастағы енесі Наталья Донцова да жоғалып кеткен. Ол Сайлыбаева жоғалған күні немересін балабақшадан алып келгеннен кейін хабар-ошарсыз кеткен. Артынша енесі Сайлаубаеваны өлтірді деген күдікке ілінді.