Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Германияда балалар ойыншықтарының қорабынан жыландар табылды

Германияның Лейпциг әуежайында кеден қызметі балаларға арналған ойыншық жүк машиналары салынған тапсырыстардан жыландар тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Рresseportal.de порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: presseportal.de

Кеден қызметінің мәліметінше, сәлемдемелер Индонезиядан жіберілген және Германия арқылы Ұлыбританияға жеткізілуге тиіс болған. Сканерлеу кезінде ойыншық жүк машиналарының ішінде жыландардың шиырылып жатқаны анықталды.

Алғашқы тапсырыстан адамдар үшін аса қауіпті емес, бірақ Ваглер моллюскаларын жегіш, улы саналатын тоғыз азиялық жылан табылды. Екінші сәлемдемеден ірілеу бес тынықмұхит жыланы анықталды. Жыландарды тасымалдауға рұқсат болмағандықтан, олар тәркіленді. Кеден қызметкерлері өрт сөндіру қызметіне хабарласып, жыландарды алып кетуді өтінді.

Бірінші топтағы жыландар қорғалмайтын түрге жататындықтан олар Лейпциг университетінің ветеринарлық медицина институтына жіберілді. Ал сирек кездесетін және қорғалатын жыландар Германияның табиғатты қорғау федералдық агенттігіне табысталды.

Осы уақытта Индонезияда Google смартфондарын ел ішінде сатуға тыйым салынғаны туралы да хабарланды.



Еске салайық, бұған дейін АҚШ-та Майами халықаралық әуежайында ер адам шалбарына жыландарды салып алып, рейске отырмақ болғанын жаздық. Көлік қауіпсіздігі басқармасының қызметкерлері белгісіз ер адамды шалбарында кішкентай рептилиялар салынған шағын сөмкемен ұстады. Жолаушы киімінің ішіне сөмке салып алған екен. Жыландар Флориданың балық пен жабайы табиғатты қорғау комиссиясына тапсырылды.

Талқылау