Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Геннадий Головкиннің есімі әлемдік бокс Даңқ залына енгізілді

GGGФото: ҰОК

Қазақстан кәсіпқой боксының аңызы, даңқты боксшы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Геннадий Головкиннің (42-2-1, 37 KO) есімі Халықаралық бокс Даңқ залына (International Boxing Hall of Fame, IBHOF) ресми түрде енгізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Аңыз боксшы орта салмақта WBA, IBF және WBC нұсқалары бойынша чемпиондық белбеулерін ұзақ жылдар бойы абыроймен қорғап, ел мерейін үстем етті.

Сондай-ақ бокссүйер қауымға талай есте қаларлық тартысты жекпе-жектер сыйлады. Головкин рингке соңғы рет 2022 жылы шыққан еді.

IBHOF жыл сайын әлемдік боксқа өшпес із қалдырған спортшыларды марапаттайды. Биыл Головкин "аңыздар" тізіміне лайық деп танылды. Ол мұндай марапатқа ие болған алғашқы қазақстандық атанып отыр.

“Бұл –  бокстағы ең жоғары марапат. Енді біз 2026 жылы Даңқ залына жаңа тұлғалар қосылатын салтанатты іс-шараны асыға күтеміз. Ол 11–14 маусымға жоспарланып отыр”, –  дейді ұйымдастырушылар.

Айта кетейік, Геннадий Головкин әуесқой бокста 350 жекпе-жек өткізіп, оның 345-інде жеңіске жеткен. Кәсіпқой рингте 45 рет жұдырықтасып, 42 мәрте айқын басымдықпен жеңді. Оның 37-сінде нокаут тіркеді.

Халықаралық бокс Даңқ залы мен мұражайы АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Канастота қаласында орналасқан. Мұнда бокс тарихындағы ең үздік қолғап шеберлерінің есімдері енгізіліп, мәңгі сақталады.

Жыл сайын Залға әртүрлі санаттағы үздік жеті адам қабылданады:
    •    Ерлер. Заманауи (соңғы жекпе-жегі 1989 жылдан кейін өткендер)
    •    Ерлер. Ардагерлер (1893–1988 жж.)
    •    Ерлер. Пионерлер (1892 жылға дейінгі боксшылар)
    •    Әйелдер. Заманауи
    •    Әйелдер. Пионерлер
    •    Спортшылар емес (бапкерлер, төрешілер, функционерлер)
    •    Журналистер
 

Ақерке Өмірхан
Жұма, 05 Желтоқсан, 2025 00:36