Геннадий Головкин World Boxing ұйымының олимпиадалық комиссиясының төрағасы атанды
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Халықаралық бокс федерациясы (World Boxing) жаңа олимпиадалық комиссиясының төрағасы атанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Olympic.kz cайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Жұмыс барысында Қазақстан ҰОК басшысы World Boxing қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты халықаралық спорттық ұйымдармен бірлесе жұмыс істеуге көңіл бөледі. Сонымен қатар оның комиссия басшысы ретіндегі басты міндеттерінің бірі – боксты олимпиада ойындарының бағдарламасында қалдырып, World Boxing ұйымын ХОК мойындауы үшін Халықаралық Олимпиада комитетімен тығыз әріптестік орнату болмақ.
"Жеке өзім үшін, Қазақстан үшін және барша спорт әлемі үшін боксты олимпиадалық спорт түрі ретінде сақтап қалу маңызды және бұл менің жұмысымдағы ең басты басымдық болмақ. Сондай-ақ бокс олимпиадалық құндылықтарға сай, әділ әрі ашық болуы үшін Халықаралық Олимпиада комитетімен тығыз әріптестік орнатуды көздеп отырмын.
Менің кәсіби спортшы ретінде жиған тәжірибем World Boxing жұмысын бір жүйеге келтіреріне сенемін және күшімізді біріктіре отырып, бокстың дамуына жаңа серпін бере аламыз. Бірақ алда біз атқаратын жұмыс көп", – деді Геннадий Головкин.
World Boxing президенті Борис ван дер Ворсттың айтуынша, Геннадий Головкинмен әріптестік орнату ұйымның алға қойған мақсаттарын тиімді орындауға жол ашады.
Айта кетейік, World Boxing Геннадий Головкиннің кандидатурасын алғашқылардың бірі болып бекітті. Жақын арада Олимпиадалық комиссия құрамына спорт әлемінің өзге де өкілдері еніп, боксты Олимпиадалық қозғалыс ортасында қалдыруға арналған ірі жоспарларды жүзеге асыруға күш салады.
"Бәрі бір сәтте мәнсіз болып қалды": Таяу Шығыста қиын жағдайға тап болған қазақстандықтар көргендерін айтып берді

