Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Геннадий Головкин World Boxing Президент лауазымына жалғыз үміткер болды

Фото:facebook.com/gggboxing/

Қазақстанның даңқты боксшысы Геннадий Головкин World Boxing ұйымының президенттігіне ұсынылған жалғыз кандидат атанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 1bol.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

World Boxing халықаралық федерациясы алдағы Конгрессте өтетін сайлауға қатысатын азаматтардың жаңартылған тізімін жариялады.

Грекия бокс федерациясының жетекшісі Харис Мариолис өз үміткерлігін ресми түрде қайтарып алғаннан кейін, Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің басшысы Геннадий Головкин бұл лауазымға жалғыз үміткер ретінде тіркелді.

Ұйым президентіне сайлау 23 қарашада Римде өтпек. Барлық кандидаттар Sport Resolutions ұйымымен бірлесіп жұмыс істейтін, үш халықаралық сарапшыдан құралған тәуелсіз комиссияның тексеруінен өткен.

Комиссия үміткерлердің кәсіби дайындығын бағалап, талаптарға сай деп танылған тұлғаларға ғана сайлауға қатысу мүмкіндігін берді. 2025 жылдың қазанында түскен барлық өтініштер дәл осы тәртіппен қаралғаны хабарланды.

Жарғы бойынша, егер бір лауазымға жалғыз кандидат ұсынылса, Конгресс оны баламалы дауыссыз-ақ бірауыздан бекіте алады.

Президент сайлауынан бөлек, Конгресс барысында вице-президентті және Атқарушы комитеттің қос мүшесін анықтау мәселесі де күн тәртібіне енгізілген.

Ақерке Өмірхан
Жұма, 21 Қараша, 2025 23:40
Талқылау