Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Геннадий Головкин World Boxing федерациясының президенті лауазымына өз кандидатурасын ұсынады

Фото:ҰОК

Қазақстанның даңқты боксшысы Геннадий Головкин халықаралық World Boxing федерациясының президенті лауазымына өз кандитурасын ұсынатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады.

Бұны Геннадий Головкиннің өзі Instagram парақшасында жариялады.

“Достар, мен халықаралық World Boxing федерациясының президенті лауазымына өз кандидаттурамды ұсыну туралы маңызды шешім қабылдадым. Менің миссиям – бокстың олимпиадалық болашағын сақтау, сенімді нығайту және спортшыларды, жаттықтырушылар мен федерацияларды біздің спортты дамыту жолындағы талпыныстарында қолдау. Біздің басты мақсатымыз – Халықаралық Олимпиада комитетінің толық мойындауына қол жеткізіп, бокстың Лос-Анджелес-2028, Брисбен-2032 және алдағы Олимпиада ойындарындағы орнын бекіту. 23 қараша күні біз бокстың жарқын болашағына қарай маңызды қадам жасаймыз”, — деді Геннадий Головкин.

Айта кетейік, Геннадий Головкин қазіргі таңда World Boxing ұйымының Олимпиадалық комиссиясының төрағасы және Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті қызметін атқарады. Қазірдің өзінде Головкин World Boxing ұйымында ықпалды тұлғалардың бірі.

Геннадий Головкин – Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, 2004 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері және 2003 жылғы әлем чемпионы.

Кәсіби бокста Головкин IBF 2015–2018, 2019–2023, IBO 2011–2018, 2019–2023 және WBA 2010–2018, 2022–2023 нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанды. Ол рингте қатарынан 23 рет қарсыласын нокаутпен жеңіп, орта салмақтағы ең жоғары нокаут көрсеткіші үшін Гиннестің рекордтар кітабына енген.

Айнұр Мұхади
Сенбі, 25 Қазан, 2025 01:45
Талқылау